«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі жанындағы Трансформация бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау комитетінде тағайындаулар болды

«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі жанындағы Трансформация бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау комитетінде тағайындаулар болды

480

19 Мамыр 2016

«Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі Әлихан Смайыловты Директорлар кеңесі жанындағы Трансформация бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылау комитетінің мүшелігіне сайлауға шешім қабылдады.

Әлихан Смайылов 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметін атқарады және «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. Түрлі кезеңдерде ол Қазақстан Республикасының Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінде, Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінде, «Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамында жетекші қызметтерді атқарған. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасының сыртқы істер және қаржы вице-министрі болды. «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдерімен, «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» II дәрежелі медалімен марапатталған.

Сонымен қатар, Директорлар кеңесі отырысының барысында, Талғат Сәрсенбаев «Самұрық-Қазына» мен оның компаниялары тобының омбудсмені болып тағайындалды. Корпоративтік орталықтың омбудсмені қызметін бұған дейін Қордың корпоративтік хатшы қызметінің жетекшісі-Корпоративтік хатшының орынбасары Жәрдем Құрманғазиев қоғамдық негізде атқарып келген.

«Самұрық-Қазына» АҚ мен оның компаниялары тобының омбудсмені Қор мен оның ұйымдарындағы көкейкесті әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуде және қызметкерлер тарапынан іскерлік әдеп ұстанымдарының сақталуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ол Қор тобына кіретін органдар мен лауазымды тұлғалардың қарауына жүйелі сипаттағы өзекті мәселелерді шығарып, оларды шешу үшін сындарлы ұсыныстар жасайды.

Талғат Сәрсенбаев – заң ғылымдарының докторы, профессор. Сонымен қатар, Nazarbayev University Executive MBA дәрежесі бар. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Ғылыми-консультативтік кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Кеңесі жанындағы біліктілік комиссиясының, Қазақстан заңгерлері одағының мүшесі. Сондай-ақ «Фемида» халықаралық заңгерлік сыйлығының лауреаты болып табылады. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ Құқықтық мәселелері жөніндегі бас директоры-Басқарма мүшесі лауазымында жұмыс істеді.

Омбудсмен лауазымына тағайындау кезінде Қордың Директорлар кеңесі Талғат Сәрсенбаевтың кіршіксіз іскерлік абыройын, кәсіби топтар арасындағы жоғары беделін және әділ шешімдерді қабылдау қабілетін ескерді.

Омбудсмен әр екі жыл сайын қайта сайлануы тиіс. Ол өз қызметін бағалайтын Қордың Директорлар кеңесінің Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі және Аудит жөніндегі комитеттері алдында, жылына кем дегенде бір мәрте, атқарылған жұмыс қорытындысы туралы есеп беруге міндетті.