«Тараз химия паркі» ЕЭА нысандары құрылысының бірінші кезегі 70 %-ға аяқталды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің жұмыс сапары барысында белгілі болды.
«Тараз химия паркі» ЕЭА жобасын «Біріккен химиялық компания» ЖШС іске асырып жатыр. Парк аумағында метанол, аммиак (сондай-ақ, олардың өнімдері – кешенді және азотты тыңайтқыштар, отынға арналған қоспалар, ағаш өңдеуге арналған түрлі шайырлар), күйдіргіш сода, өнеркәсіптік химиялық реагенттер, глифосат, гербицид және т.б. шығаратын ірі және орта салмақты химиялық өндірістер ашу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта ЕЭА аумағында глифосат (гербицид) пен хлорлы фосфат өндіру кешенінің құрылысы басталды. Бұл жоба импортты алмастыруға бағытталған және елдегі аграрлық сектордың өнімділігін арттыратын химикаттармен қамтамасыз етуі тиіс.
Парктегі инфрақұрылымдар құрылысы екі кезекте жүргізіледі. Бірінші кезекті 2016 жылдың төртінші тоқсанында, екіншісін – 2018 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Құрылыс кезінде 2000 жұмыс орны, іске қосу кезінде 1200 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Өңірдегі тағы бір маңызды нысан – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Нұрлыкент ауылдық округінің 150 гектарына орналасқан, қуаты 50 МВт «Бурное» күн электростанциясы. Электростанция іске қосылғаннан бері 58,718 млн. кВт. сағат электр энергиясын берді, бұл болжамдық көрсеткіштерден 10 % артық. Электростанция 2015 жылғы 2 шілдеде, Индустрияландыру күні ауқымында, Мемлекет басшысының қатысуымен ашылған болатын. Құрылысты «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС мен UG Energy Limited британдық компаниясының «Burnoye Solar - 1» ЖШС бірлескен кәсіпорны салды. Жобадағы жылдық электр энергиясын бөлу көлемі – 73,18 млн. кВт. сағат. Станция өңірдегі электр энергиясы тапшылығын жоюға айтарлықтай мүмкіндік береді.
«Бурное» станциясы Қазақстанның EXPO-2017 халықаралық көрме аясындағы «жасыл экономика» жасау мақсатының табысты дәлелі бола алады. Сондықтан біз станция қуатын 100 МВт-қа арттыруды көздеп отырмыз. Бұл үшін 220 киловольтты станция дайын, қосымша 50 МВт қуатты арттыру артық шығынды қажет етпейді», - деді, «Самұрық-Қазына Инвест» басшысы Қайрат Найзабеков.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы Алматы-1-Шу жол бөлігіндегі жұмыстармен танысты. Бұл жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатыр. 7 сәуірде мұнда «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС тұңғыш өнімі – рельс-шпалды торкөзінің алғашқы кезегі төселді.
«Бүгінгі күні Жамбыл облысында іске асырылып жатқан жобалардың өңір үшін әлеуметтік және экономикалық мәні мен ел экономикасының дамуындағы стратегиялық маңызы өте зор. Соның ішінде, екі жоба – «Бурное» мен «Тараз химия паркі» біздің Қордың жаңа үлгісіне, республикада жаңа салаларды дамыту мақсатына сай келеді», - деп атап өтті Ө. Шөкеев.