Қазақстан мен бүкіл бұрынғы КСРО халықтарының тарихындағы қасиетті күн – Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға дейін санаулы күндер қалды. ТМД мемлекеттері басшыларының шешімімен 2015 жыл Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы деп жарияланды. Бізге бейбіт өмір сыйлаған біздің батырламызға, Отан қорғаушыларымызға бірқатар іс-шаралар арналған. Олар егемен, тәуелсіз республикамыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Және бұл өте дұрыс – себебі әрбір ұрпақ батырларды құрметтеп, олардың ерліктерін ұмытпай, олардың қанымен келген бейбіт әлемді сақтау үшін барын салулары тиіс.
Мереке қарсаңында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ағымдағы жылдың қаңтар айында қордың белсенді қолдауымен «Қазақстан Республикасының ардагерлері ұйымы» РҚБ бастамасы бойынша іске қосылған «Жеңіс» жалпыреспубликалық жобасының қорытындысын жасайды: Жеңістің 70 жылдығын тойлау бойынша жалпы іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» шамамен 600 млн. теңге бөлді. «Самұрық-Қазынаның» басқарушы директоры Дархан Қалетаевтың айтуынша, «бұл ардагерлерге құрмет көрсетіп, оларға лайықты көңілді бөлу үшін жасалды. Күн санап ҰОС ардагерлерінің қатары сиреп келеді, сондықтан оларға қолдау жылына бір рет емес, күн сайын көрсетілуі керек».
«Жеңіс» – соғыстың тарихы, жерлестеріміздің Жеңіске қосқан үлесі және жер бетіндегі тіршілік үшін жауынгерлік ерліктері туралы ақпаратты ұсынатын бірыңғай ғаламтор-платформаның құрылуын қамтитын республикалық деңгейдегі науқан. Оның үстіне, порталдағы бүкіл ақпарат жастарға қызық болатындай сипатта берілген. Жоба міндеттерінің бірі осыған саяды: бір жағынан жастарға сұрапыл соғыс жылдары туралы баяндау, бір жағынан оларды еріктілер қозғалысына тарту. Айтпақшы, елдің бүкіл облыстарынан 500-ден астам ерікті республикада тұратын ҰОС ардагерлері туралы мәліметтерді жинау науқанына жұмылдырылды. Сайт жұмыс жасағалы оған мерекеге бей-жай қарамайтын 70 000-нан астам адам кірді.
Аталмыш ғаламтор-платформаның негізінде ардагерлердің қажеттіліктеріне қаражат жинау бойынша қайырымдылық науқаны іске қосылды. Бүгінгі таңда
www.zhenys.kz сайтының кез келген қолданушысы қысқа тегін нөмірлерге СМС жіберу арқылы немесе жобаның есепшотына тікелей қаражат аудару арқылы өзінің жарнасын жасай алады. Майдангерлердің қажеттіліктеріне қаражат жинау бойынша егжей-тегжейлі ақпарат сайтта және «Жеңіс» қайырымдылық жобасының Facebook және ВКонтакте желілеріндегі парақшаларында жарияланатын болады.
Жоба жетекшісі Руслан Жемков айтып өткендей, «кез келген қолданушы тек 9 мамыр күні ғана емес, кез келген уақытта қайырымдылыққа өзінің нақты үлесін қоса алады. Ардагерлерге бір мәрте ғана емес, жүйелі түрде көмектесу керек. Сол кезде ғана шынымен де көмек деп атауға жарайды». Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» қоры аталмыш науқан аясында ардагерлердің қажеттіліктеріне қомақты ақшалай салым енгізеді.
Жақында республикада тұратын барлық ҰОС ардагерлеріне «дабыл» түймелерімен жабдықталған ұялы құрылғылардың табысталуы аяқталды. Қазір барлық науқан қатысушыларын шұғыл көмек жүйесіне қосу аяқталуда. Үш ай ішінде 4115 құрылғы табысталды, олардың ішінен бүгінгі таңда 500-ден астам көмекке шақырылды. Аталмыш құрылғылардың арқасында 93 адамның өмірі сақтап қалынды: Алматы қ. және Алматы облысында – 31 адам; Астана қ. және Ақмола облысында – 14 адам; СҚО-да – 5 адам, ШҚО-да – 9 адам; Жамбыл облысында – 5 адам; БҚО-да – 4 адам; Қарағанды облысында – 8 адам; Қызылорда облысында – 2 адам; ОҚО-да – 15 адам аман қалды. Аталмыш науқанның жұмысына бүкіл Қазақстан бойынша 100-ден астам ерікті, облыстық/қалалық/аудандық Ардагерлер кеңестерінің өкілдері, «Нұр Отан» партиясы, «Жас Отан» ЖҚ қатысты.
Мұнан басқа, елдің теле және радио арналарында қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен түсірілген «Майданнан келген хат» роликтері пайда болды, олардың арқасында қазақстандықтар соғыс кезіндегі жауынгерлеріміздің бастан кешіргендерін, соғыс туралы бар шындықты естиді. Жобаға қазақстандық шоу-бизнес жұлдыздары қатысты. Бейнероликтердегі хаттарды Роза Рымбаева, Вероника Насальская, Виктория Моминбаева, Салтанат Баймұхамедова, Нұрлан Абдуллин, Адель Оразалинова, Қазбек Қасым және Ержан Сүлейменов оқыды.
Ал 3 мамыр күні ел экрандарына «Наша война» деректі сериалы шықты. Жеті сериялы лента – фильм түсірушілерінің қаза тапқан батырларға, бізге Ұлы Жеңісті сыйлағандардың бәріне деген шынайы, жүрекжарды ықыласы. «Наша война» деректі сериалының көрсетілімі «Еуразия» бірінші арнасында басталып кетті.
Мұнан басқа, республикалық «Халық қалаулысы» қоғамдық сыйлығының аясында майданда және тылда жүріп Ұлы жеңісті жақындатқандар туралы ақпарат жинау бойынша науқан өтуде. «Батырлар шежіресін» жазу бойынша науқан КТК телеарнасымен бірге жүргізілуде.
Ал Kcell компаниясымен бірге «Мәңгілік полк» атты қайырымдылық онлайн марафоны іске қосылды. Әрбір тілек білдіруші Жеңіспен құттықтап, бейнеролик жаза алады немесе 1945 нөміріне SMS арқылы 250 теңге жіберіп, қайырымдылық жасай алады.
«Жеңіс» қайырымдылық жобасы жалғасуда. Бізге ашық аспан сыйлаған біздің батырларымыз – Соғыс ардагерлері тірі тұрғанда, қайғылы оқиғалар мен Ұлы Жеңіс туралы естелік көкірегімізде сайрап, жүрегімізде сақталғанша, жаңа ұрпақ өз ардагерлерін құрметтеп, ұлы Жеңістің қандай қантөгіспен келгенін есте сақтағанша, «Жеңісті ешқашан ұмытпа!» дегенді ұран еткен «Жеңіс» жобасы өмір сүреді!