Халықаралық HR конференциясында адам ресурстарын дамытудағы соңғы трендтер талқыланды

Халықаралық HR конференциясында адам ресурстарын дамытудағы соңғы трендтер талқыланды

675

16 Сәуір 2015

Компанияларды трансформациялаудағы адам ресурсының ролі, компаниялардағы көшбасшылықты жетілдірудегі өзгерістер мерейтойлық, Халықаралық HR конференциясының басты тақырыбы болды.

2015 жылғы 16-17 сәуірде, Астана қаласында өтіп жатқан шараға 200-ден астам қазақстандық ірі компаниялардың жетекшілері, жеке корпорациялардың HR-бөлімшелерінің мамандары, халықаралық сарапшылар қатысты.

 Конференцияда сөз алған «Самұрық-Қазына» АҚ Адам ресурстарын басқару жөніндегі бас директоры Дэниел Крюсберг Қордың кадр саясатындағы оң өзгерістері туралы әңгімеледі. «Самұрық-Қазына» қорындағы қызметкерлердің орташа жасы – 37, олардың 14 пайызы «Болашақ» бағдарламасының түлектері, 33 пайызы магистр, 44 пайызы шетелде жоғары білім алған, 84 пайызы шет тілдерін меңгерген. Біздің потенциалымыз зор, тек соны лайықты пайдаланудың кілтін таба білуіміз қажет. Трансформация аясында біз Қабілет, Мәдениет және Көшбасшылық бағыттары бойынша жұмыс жасап жатырмыз», - деді ол.

Д.Крюсберг Қор қызметкерлерді сұраптау мен жалдау, олардың қызметін жыл сайын бағалау үрдісін қайта қарап, талапты күшейткенін, қызметкерлер арасында үзіліссіз оқып-үйрену жұмысын жолға қойғанын атап өтті. Сонымен қоса, Қор басқару стилін де жаңартпақ. «Бізде төменнен көтерілетін аз ғана бастамалардың өзі иерархиялық түрде, бұйрық арқылы орындалып келді. Біз енді көшбасшылықты коучинг арқылы, қарапайым мамандарды жаппай тарта отырып, бастамаларды қолдау арқылы дамытатын боламыз. Нағыз көшбасшылар өзіне лайықты ізбасарлар да дайындауы тиіс», - деді ол.

Конференцияда Колумбия университетінің профессоры, Center for Creative Leadership аға вице-президенті Уильям Пэсмор баяндама жасап, трансформация кезінде компаниялардың жетістігіне ықпал ететін HR-дің негізгі факторлары жайлы кеңінен мағлұмат берді.

Конференцияны «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен Корпоративтік университет өткізіп келеді. Халықаралық HR конференциясы 10 жыл ішінде түрлі елдердің сарапшылары бас қосып, еңбек нарығы мен кадрларды жетілдіру мәселелерін талқылайтын пікірталас алаңына айналды. Конференция кадрларды жетілдіріп, сапасын арттыруды, оларды оқытып, үйретуді және компаниялар қызметіне оң өзгерістер енгізуді көздейді.