Қордың сатып алудағы 75 %-ы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесінде

Қордың сатып алудағы 75 %-ы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесінде

757

19 Наурыз 2015

ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да «Самұрық-Қазына» АҚ, оның еншілес компаниялары «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен ҚР Парламенті Мәжілісі өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті.

Кездесу Қор компаниялар тобындағы сатып алудың ашықтығы мен қазақстандық үлесті арттыру тақырыбына арналды. Қор компаниялар тобының өкілдері «Самұрық-Қазына» Сатып алу тәртібі қабылданған 6 жыл ішіндегі жетістіктері туралы әңгімеледі. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу тәртібін Қор құрамына кіретін 250 ұйым іске асырып отыр. 2009 жылдан бері 150 мың сатып алу шарты жасалған. Қордың сатып алудағы 75 %-ы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесінде және бұл көрсеткіш өсу үстінде. Қордың сатып алу тәртібіне сәйкес отандық өндірушілерге 14 жеңілдіктен тұратын преференциялар қарастырылған.

«Біз осы тәртіпке сатып алу саласындағы озық тәжірибелерді қолдандық, қатысушылардың пікірінше сатып алу үрдісі ыңғайлы әрі тиімді қалыпқа көшті. Нәтижесінде сатып алу, келісу мен шешім қабылдау шарттары оңтайланып, негізгі жабдықтаушыларға қойылатын талаптар жеңілдетілді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібеков.

2013 жылы Электронды сатып алудың ақпараттық жүйесі енгізілгеннен кейін тауарларды, қызметтерді алу тетіктері автоматты сипатқа көшті. Осы жүйенің арқасында қызмет көрсетушілер үшін орташа үнем әр тендерде 80 000 теңгені құраған. Бұл сандар құжатты нотариалдық рәсімдеудің, көліктік және іссапар шығындарының қажетсіздігінің нәтижесі.

Сонымен қоса, әр қатысушы бәсекелестері ұсынған құжаттарды көре алады, қателік кетіп жатса Қорға жүгінеді. Сондай-ақ, Қордың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдарының тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы маркетингі» онлайн-порталы енгізілді.

Портал қолданушылары Қордағы 250 ұйымның сатып алудағы жылдық жоспарын еркін көре алады. Портал қолданушыларының уақытын үнемдеу үшін сатып алу туралы мәліметтерді іздеу барысында Қордағы өзге ақпараттық жүйелермен байланыс іске қосылған. Бұл жабдықтаушылардың анықтамалықтың нақты коды арқылы, бір минут ішінде, Қордағы барлық компаниялар бойынша тауарлар мен қызметтерді сатып алу ақпаратын алуына мүмкіндік береді.

 2012 жылдан бастап Қор компанияларының сатып алу үдерісіне Тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің Біртұтас номенклатуралық анықтамалығы енгізілген. Қазіргі кезде анықтамалықта 200 000 тауар, жұмыс, қызмет түрлері бар және мемлекеттік сатып алу үшін ҚР Қаржы министрлігінде қабылданған.

«Бүгінгі күні Біртұтас номенклатуралық анықтамалық Қазақстандағы ең үлкен анықтамалықтардың бірі болып табылады. Аталған анықтамалықтың өзектілігі сонда, ол Қордағы ғана емес, бүкіл республика көлеміндегі сатып алу үдерісін біріздендіріп, автоматтандыруға бағытталған үрдістердің жалғасы», - деді С.Елшібеков.