«Самұрық-Қазына» АҚ делегациясы Бакуде стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

 «Самұрық-Қазына» АҚ делегациясы Бакуде стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

1142

02 Шілде 2021

1-2 шілде аралығында Баку қаласына жұмыс сапары аясында «Самұрық-
Қазына» АҚ делегациясы Әзірбайжан Республикасының экономика Министрі, SOCAR Бақылаушы кеңесінің Төрағасы, Әзірбайжан инвестициялық холдингінің Бақылаушы кеңесінің мүшесі Микаил Джаббаровпен және Әзірбайжан инвестициялық холдингінің (АИХ) Бас атқарушы директоры Руслан Алихановпен кездесті.  

Транзиттік-көліктік әлеует пен логистиканы әртараптандыруды жаңғырту жолында бірлескен шаралар ынтымақтастықты нығайтуда басым бағыт болады деп келісілді.  

Тараптар темір жол, теңіз және әуе қатынасы, логистика мен мұнайгаз саласындағы ынтымақтастықты талқылады. «ҚазМұнайГаз» бен SOCAR компанияларының бірлескен жұмысы өзара тиімді серіктестіктің үлгісіне айналғанын тілге тиек еткен жөн.  

Қор басшылығы мен «ҚазМұнайГаз» АҚ өкілдері «Сәтті» деп аталатын теңізде өз бетінше қалқып жүретін ұңғыма құрылғысының жұмысымен де танысты. Оны «Вritish Рetroleum» компаниясының жобаларында қолдану көзделіп отыр. Қайта жаңартылған құрылғы тереңдігі 6 000 метрге дейінгі ұңғыма қазуға қауқарлы. Оның жүк көтерімділігі 50 %-ға артты. 

«Сәтті» ұңғыма құрылғысы әлемдік стандарттарға сәйкестендіріліп Қазақстанда құрастырылған. 2019 жылы «ҚазМұнайГаз» бен SOCAR оны бірлесе пайдалану туралы келіскен. Бұл құрылғы ҚМГ-дың еншілес кәсіпорны «KMG Drilling & Services» ЖШС-нің иелігінде.  

Әзірбайжан инвестициялық холдингі (АИХ) – Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік инвестициялық холдингі. 2020 жылдың 7-ші тамызында Әзірбайжанның ірі мемлекеттік активтерін басқару үшін құрылған. Басты мақсаты – оған тапсырылған мемлекеттік компаниялар мен кәсіпорындарды және шаруашылық субъектілерін басқару жүйесін жетілдіріп, жаңа деңгейге көтеру.