«Самұрық-Қазына» әр тоқсан сайын еңбек ұжымдарындағы проблемаларды анықтайтын болады

«Самұрық-Қазына» әр тоқсан сайын еңбек ұжымдарындағы  проблемаларды анықтайтын болады

784

23 Тамыз 2022

Болат Жәмішевтің төрағалығымен өткен «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесі Қор жанындағы Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының (ӘӨКО) соңғы жылғы жұмысының қорытындысын қарады.

ӘӨКО туралы

ӘӨКО – «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік серіктестікті дамыту алаңы. Орталықтың әлеуметтанушылары жыл сайын Қазақстандағы ең тармақталған сауалнама желісі негізінде экономиканың әртүрлі салаларындағы 300-ден астам компанияға зерттеу жүргізеді.

Орталықтың басқа да міндеттерінің қатарында: волонтерлік қызмет, еңбек қатынастары аяқталғаннан кейін жұмыскерлерді әлеуметтік бейімдеу, Қор компаниялары тобындағы коммуникациялар. 

Өзекті жобалар

Қоғамдық кеңес отырысында ӘӨКО-ның бас директоры Елдос Өмірзақов өзінің әлеуметтік жобалары, атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» әлеуметтік тұрақтылық мониторингі орталығының жұмысы туралы айтып берді. Ол Қордың компаниялар тобы жұмыскерлерінің шағымдары мен өтініштерін қабылдайды. Жыл басынан бері «Нысана» байланыс орталығының жедел желісі арқылы 476 өтініш қабылданды. Осы жүйеге «Самұрық-Қазына» портфельдік компанияларын интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тағы бір бағыт - өндірістегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды арттыруға мүмкіндік беретін Қор компаниялары тобына IR әдістерін (industrial relations, өндірістік қатынастар) енгізу.

Samruk Research Services әлеуметтік зерттеулерінің қорытындылары жеке блокта қарастырылды. Оның мақсаты - бүкіл Қазақстан бойынша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының өндірістік ұжымдарының әлеуметтік-еңбек қатынастарында «проблемалық» жағдайларды іздеу. Қор басшылығы ӘӨКО-ға осындай зерттеулерді тоқсан сайын өткізуді тапсырды. 

Қоғамдық кеңесті бағалау

Жалпы Қоғамдық кеңес ӘӨКО қызметінің қорытындысына оң баға берді. Орталыққа жұмысты жақсарту бойынша бірқатар міндеттер қойылды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына» басқармасына Қор компанияларының барлық тобында әлеуметтік тұрақтылықты қолдау бойынша нақты ұсыныстар беру.

«Нақты ұсыныстар қажет болған кезде ғана зерттеу сапасын және сәйкесінше зерттеу деректеріне негізделетін әдістемені тиісті шамада бағалауға мүмкін болады», - деді кеңес төрағасы Болат Жәмішев.

«Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесі 2021 жылдың желтоқсанында құрылды. Оның құрамында азаматтық қоғамның жеті өкілі және Қордың үш өкілі бар.