Венгрия Қазақстанмен атом энергетикасын дамыту тәжірибесімен бөлісті

Венгрия Қазақстанмен атом энергетикасын дамыту тәжірибесімен бөлісті

512

07 Қыркүйек 2022

Қазақстандық делегация елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін «Пакш» АЭС кеңейту бойынша венгрлік әріптестерінің тәжірибесімен танысады.

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС директоры Тимур Жантикин Будапештте СІМ, Энергетика министрлігі және Венгрияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің өкілдерімен, сондай-ақ «Пакш» АЭС және EXIM банктің басшылығымен кездеседі. Сапар бағдарламасында – атом станциясына және болашақ жаңа энергия блоктарының құрылыс алаңына бару. 

Венгрия – бейбіт атом саласындағы көшбасшылардың бірі

Венгрия электр генерациялау көздері арасында атом үлесі жағынан әлемнің топ-5 елінің қатарына кіреді. 2021 жылы «Пакш» АЭС елдің электр энергиясына қажеттілігінің 46,8%-ын жауып, 15 121 млн кВт*сағ электр энергиясын өндірді. Станция 2500-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. АЭС мемлекеттік компанияның еншілес құрылымына жатады, ал шешуші дауыс беру құқығы – Венгрия үкіметіне тиесілі.

«Пакш» - Венгриядағы жалғыз АЭС. Ол Дунай жағасында Будапешттен оңтүстікке қарай 100 км жерде орналасқан. Төрт энергоблок 35-40 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Электр энергиясының көлемін арттыру үшін тағы екі энергоблок салу жоспарлануда. Жаңа энергия блоктарының жұмыс істеп тұрған блоктардың жанына салынуы жобаның бірегейлігі болып отыр. «Пакш» АЭС кеңейту – әртүрлі елдердің компаниялары қатысатын халықаралық жоба.


Мысалы, турбиналарды General Electric (GE) энергетикалық қондырғылардың ірі халықаралық өндірушісі жеткізеді. Оның өкілдері Қазақстан делегациясымен кездесуге де қатысты. GE Steam Power коммерциялық директоры Габор Сенештің айтуынша, компания озық энергетикалық технологияларды, оның ішінде АЭС үшін баяу жүрісті бу турбиналарын ұсынады: «Біздің атом энергетикасындағы тәжірибеміз 60 жылдан асады, ал АЭС-те орнатылған бу күш жабдығының жиынтық қуаты 200 ГВт құрайды». 

«Бастаудан алынатын» әлемдік тәжірибе

Қазақстан өкілдерін «Пакш» АЭС кеңейту үшін өнім беруші мен технологияны таңдау, Венгрияның халықаралық әріптестермен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі, АЭС-тың электр энергиясының бағасына әсері, станция жұмысының қауіпсіздігі, жобаға жергілікті бизнестің қатысуы ерекше қызықтырады.

«Біздің сапарымыз негізінен тәжірибе алу сипатында болып отыр. АЭС салу және пайдалану ісіндегі Сіздердің тәжірибелеріңіз бізді қызықтырады. Қазақстандық АЭС жобасының халықаралық болуы біздің қоғам үшін өте маңызды», - деді А. Сәтқалиев. Оның айтуынша, станцияны салудың егжей-тегжейі туралы түпкілікті шешімді Қазақстан Үкіметі қабылдауы тиіс.

Венгрлік әріптестер АЭС құру барысында барынша ашық болу және қоғаммен ашық диалог құру өте маңызды екенін атап өтті. Олардың айтуынша, станцияны салмас бұрын оны халықтың көпшілігінің қолдауына жүгіну керек. 

Қаржыландырудың жаңа көздері

Сондай-ақ Қазақстан делегациясы Венгрияның «EXIM Bank» экспорттық-кредиттік агенттігінің басшылығымен келіссөздер жүргізеді. Ол халықаралық сауда және инвестициялармен айналысады, әлемнің 150 елімен ынтымақтастық жасайды.

«Самұрық-Қазына» басшылығы «EXIM Bank»-ті Қордың Қазақстандағы басым инвестициялық жобаларын қаржыландыруға қатысуға шақырады. Олардың ішінде – энергетика саласындағы жаңа қуаттылықтар, теміржол жолдарын құру, 5G желісін дамыту бар.