«Самұрық-Қазына» ғылыми орталығы қазақстандық ғалымдарды қолдау қағидаларын түсіндірді.

«Самұрық-Қазына» ғылыми орталығы қазақстандық ғалымдарды қолдау қағидаларын түсіндірді.

565

19 Мамыр 2023

«Самұрық-Қазына» жанындағы «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы (ҒТБО) өткен жылы Қазақстанда Қор тобы компанияларының қаражатына ғылыми жобаларды қолдаудың бірыңғай операторы ретінде құрылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өндіруге жұмсайтын шығындарының 1%-ын аударатын «Самұрық-Қазына» АҚ жанынан Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығын (ҒТБО) құру туралы айтқанын естеріңізге сала кетеміз.

«ҒЗТКЖ-ға жеке инвестицияларды ынталандыру қажет. Мемлекеттік бюджетпен, жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қаражатымен қатар, ірі жеке сектор – индустриялық корпорациялар және басқа да ұйымдар ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі болуға тиіс», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Алматыда өткен Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда.

ҒТБО қазақстандық ғалымдардың қаржыландыруға өтінімдерін іріктеу және бағалау тәртібі мен қағидаттарын әзірлеп, ұсынды. Бүгінгі таңда орталыққа 30-дан астам жоба келіп түсті.

Іріктеу рәсімі алты кезеңнен тұрады:


1. Өтініш беруші алдын ала өтінімді https://www.csti.kz/ сайты арқылы немесе application@csti.kz электрондық поштаға жолдайды.

2. ҒТБО оның басым бағыттарға сәйкестігін бағалайды.

3. Өтініш беруші бекітілген нысан бойынша толық өтінімді жібереді.

4. ҒТБО жобаның сыртқы ғылыми және қаржылық сараптамасын ұйымдастырады.

5. Өнеркәсіптік зерттеулер мен прототиптеуге сәйкес келетін жобалар үшін қосымша қаржылық-экономикалық сараптама жүргізіледі.

6. Ғылыми-техникалық кеңес өтінімді қарайды.


ҒТБО Қазақстанда ғылымды қаржыландыру тәртібін түсіндіру жұмысын жалғастырады. Консультацияны https://www.csti.kz/ сайтынан немесе application@csti.kz электрондық поштасы арқылы да алуға болады.