Шымкент қаласында АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылаулар өтті

Шымкент қаласында АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылаулар өтті

841

19 Сәуір 2024

2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанда атом электр станцияларын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болған еді.

Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылау мақсатында бүгін Шымкент қаласында Ақсақалдар кеңесінің бастамасымен жария талқылаулар өтті.

Барлық ниет білдірушілерді шақыру жөніндегі тиісті хабарландыру Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылды.

Жария талқылауға өңір тұрғындары, жергілікті Қоғамдық кеңестің, ҚР Энергетика министрлігі Қоғамдық Кеңесінің және ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК, БАҚ, жергілікті белсенділер, жергілікті экологтар және т.б. қатысты.

01.jpg


Жиын барысында ҚР Энергетика министрлігі, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК өкілдері сөз сөйледі. Өз сөзінде спикерлер қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясын тұтыну динамикасы қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Электр энергиясын тұтынудың белсенді өсуін ескере отырып, елдің қажеттілігін тұрақты қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы АЭС салу мүмкіндігін қарастыру қажеттігі туындап отыр.

Аталған іс-шараларда жергілікті тұрғындар белсенді түрде экология жөнінде, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, реактор қауіпсіздігі, кадрлар даярлау, сондай-ақ өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

Жария талқылаулар сындарлы түрде өтті. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде азаматтық қоғамның сарапшыларымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы өте маңызды.

Жалпы, талқылау барысында жергілікті тұрғындар Қазақстанда АЭС салу мәселесін қолдады.