«Самұрық-Қазына» қорының тиімділігі қайтсе артады?

«Самұрық-Қазына» қорының тиімділігі қайтсе артады?

1189

06 Мамыр 2024

Егемен Қазақстан, 4.05.2024 ж.


«Самұрық-Қазына» АҚ – еліміздегі алпауыт құрылым. Ол туралы сөз болғанда, ел ішінде түрлі пікірдің айтылуы да заңды. Мәселен, мемлекет үшін тиімділігі жөнінде жиі айтылады, тіпті, қорды тарату туралы да пікірлер қозғалып жатады.

Ержан ҚОЖАС,


Шынымен де «Самұрық-Қазына» АҚ бұдан кейін дербес компанияларға бөлінсе, не болады? Айта кетейік, ең алдымен жылдар бойы қалыптасқан корпоративтік басқарудың өзіндік ең құнды тәжірибесін жоғалтуымыз мүмкін. Сонымен қатар, компаниялардың директорлар кеңесінде тікелей сол құрамға кіретін Үкімет мүшелері үшін өз алдына жетекші рөл атқаратын мүмкіндік туатыны анық. Мұндайда ұлттық компанияларды басқарудың маңызды шешімдері нарықтық себептермен емес, шенеуніктің өзіне ыңғайлы жағдайда қалыптастыруына әкеп соқпай ма деген күдік те туады. Ол кезде мысал келтіріп отырған шенді азамат, әдетте әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым салу сияқты мәселелерге назар аударып, компания жұмысын коммерциялық жағынан қарастыру тыс қалмақ.

Мысал келтірсек. Румыния мемлекетінде «Fondul Proprietatea SA» атты қор бар. 2005 жылы құрылған бұл қорды басқару тетігі бойынша көп қиындықтар, жұмыс процесіндегі кідірістер мен оған қатысты түрлі жанжалдар орын алды. Сондай-ақ қор мемлекеттік қаржы министрлігіне бағынышты еді.

2010 жылы аталған қор компанияны белсенді инвестициялық басқару моделіне көшіп, қазір толығымен дербес жұмыс істеп жатыр. Яғни, мемлекетке тәуелді емес. Соның нәтижесінде қордың капитализациясы айтарлықтай өсіп, бастапқы кездегі жағдайдан әлдеқайда жоғары деңгейге тұрақтаған. Осылайша «Fondul Proprietatea SA» қоры халықаралық нарықта ең тартымды инвестициялық құралға айналып отыр.

Қорды сақтау нұсқасы туралы қайта айтсақ. Қазіргі жағдайында емес, оның өзгертілген түрін ойластырсақ, ең алдымен, стратегиялық мақсаттарды, компаниялармен өзара іс-қимыл тәсілдерін қайта қарау керек сияқты. Тұтастай алғанда, болашақта «Самұрық-Қазына» АҚ жұмысы Қазақстан экономикасына барынша пайда әкелу үшін инвестициялық қызметке баса назар аудара отырып, қайта құрылуы тиіс. Бұған қоса нарықта монополиялық немесе үстем жағдайға ие ұлттық компанияларымыздың тозған инфрақұрылымын толығымен жаңарту да маңызды болып тұр.

Бұл ретте қордың айналасына жергілікті және шетелдік инвесторлардың нақты мүдделері тоғысуы тиіс. Қор халықаралық компаниялармен бірлесе отырып, кәсіпорындар құра отырып, олардың құрамына аз үлеспен кіргені дұрыс. Бұл – қордың тікелей шетелдік инвестициялардың катализаторы болуға мүмкіндік береді. Яғни, қорға тартылатын қаржы көлемі жылдам ұлғаяды деуге болады.

Ерекше назар аударатын маңызды мәселе – қор жұмысының стратегиялық бағыты болашақта Үкімет құрамының ауысуына байланысты өзгермеуі үшін қандай да бір заңнамалық тұрғыда құжатпен шегеленіп, бекітілуі тиіс.

Жалпы мұндағы барлық жүйе жетілдіруді күтіп тұрған сияқты. Ол үшін халықаралық тәжірибені зерттеп, соған сүйенген дұрыс болар еді. Расында да бүгінгі күні әлемде мемлекеттік қорларға қатысты көптеген мысалдар жеткілікті. Онда қор қызметі бойынша кәсіби директорлар кеңесіндегі есеп беру мәселелерінен қарауға болады.

Екіншіден, қор Қазақстанда корпоративтік стандарттар арқылы мемлекеттік активтерді басқаруға, сондай-ақ еліміздің озық индустрияларына қатысты инвестицияларды дамытуға жауапты әрі белсенді инвестор болуы тиіс. Мұндай тәуекелге барып, өз жұмысын әртараптандыру үшін «Самұрық-Қазына» тобы сингапурлық «Temasek» даму қоры сияқты шетелдік нарықтарға да шығуы керек. Қазір қор әзірше республика ішіндегі активтерді басқарып келеді. Ал сыртқы нарыққа шықсақ, Қазақстан индустриясына жаңа технологиялар, инновациялар, білікті кадрлар мен шетелдік инвестицияны көптеп тартуға мүмкіндік туары анық. Осы арқылы «Самұрық-Қазына» қоры стратегиялық инвесторға, республика экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың катализаторына айналуға қол жеткізе алады.


Егемен Қазақстан