«Самұрық-Қазына» АҚ вьетнамдық Aviation Holdings компаниясымен Qazaq Air акцияларын сату шарттары бойынша қағидаттар келісіміне қол қойылғаны туралы мәлімдейді

«Самұрық-Қазына» АҚ вьетнамдық Aviation Holdings компаниясымен Qazaq Air акцияларын сату шарттары бойынша қағидаттар келісіміне қол қойылғаны туралы мәлімдейді

784

23 Мамыр 2024

Сатып алу-сату шартына қол қою және мәмілені жабу жақын күндері жүзеге асатын болады.

«Бұл ретте инвесторға мәміле жабылған күннен бастап 5 жылдың көлемінде Qazaq Air әуе кемелерінің паркін 20 бортқа ұлғайту міндеті қойылды. Дәлірек айтқанда, Boeing 737-Max8 және Airbus A320/321 модельдері жайында айтып отырмыз. Мәміле елге тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал етеді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Aviation Holdings компаниясы Sovico компаниялар тобына кіреді, аталмыш холдинг Вьетнамдағы авиация, энергетика, құрылыс және қаржы салаларына мамандандырылған ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі.

Авиация саласында орасан зор тәжірибесі бар халықаралық ойыншыны тарту Қазақстандағы азаматтық авиация нарығын одан әрі дамытуға, атап айтқанда бәсекелестікті арттыру, Қазақстан Республикасына келіп-кететін халықаралық тұрақты рейстерді арттыру, жұмыс орындарын ашу және т. б. есебінен ықпал ететін болады. Сондай-ақ, логистика, сауда-саттық, туризм және өзге де салалардың дамуына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.

Qazaq Air – «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниясы, бас хабы Астана аэропортында орналасқан. Қазақстанда және көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарында өңіраралық әуе қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыру үшін құрылған.

Ескертпе: Qazaq Air акцияларының 100%-на дейін шетелдік инвесторға сатып алу-сату жөніндегі мәміле Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасын сақтай отырып жасалатын болады.