ҚТЖ-ның үш реттік листингісімен IPO-сын 2026 жылы өткізу жоспарланып отыр

ҚТЖ-ның үш реттік листингісімен IPO-сын 2026 жылы өткізу жоспарланып отыр

111

23 Мамыр 2026

АҚШ, АУСТРАЛИЯ, КАНАДА, ОҢТҮСТІК АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫ ЖӘНЕ ЖАПОНИЯДА ТІКЕЛЕЙ НЕМЕСЕ ЖАНАМА ТҮРДЕ ШЫҒАРУҒА, ЖАРИЯЛАУҒА НЕМЕСЕ ТАРАТУҒА АРНАЛМАҒАН.

«Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі – «Қор») және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (бұдан әрі – «ҚТЖ») ҚТЖ-ның бағалы қағаздарын бастапқы жария орналастыруға (бұдан әрі – «IPO») қатысты келесі ақпаратты ұсынады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы №894 «Квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландырудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, ҚТЖ-ның IPO-сын 2026 жылы өткізу көзделген. Бұл Қор мен ҚТЖ-ның мақсаттарының бірі болып қала береді.

Қазіргі уақытта Қор ҚТЖ-мен бірлесіп халықаралық IPO өткізуге белсенді дайындалып жатыр. IPO аясында Лондон және Гонконг қор биржаларында (LSE және HKSE), сондай-ақ Қазақстандағы жергілікті биржада үш реттік листинг жүзеге асырылады деп жоспарланған.

IPO тек орналастыру арқылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда (яғни үлестік бағалы қағаздарды бастапқы бағалы қағаздар нарығында ҚТЖ-ның өзі сатады), яғни Қор бағалы қағаздарды қайталама бағалы қағаздар нарығында сатумен айналыспайды. Осылайша, IPO аясында тартылған қаражат ҚТЖ-ның өз қажеттіліктеріне жұмсау үшін оның иелігінде қалады.

IPO аясында тартылатын қаражатты борыштық міндеттемелердің бір бөлігін өтеуге және теміржол инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға, көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға, жылжымалы құрам паркін жаңартуға, сондай-ақ жалпы алғанда елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны іске асыруға жұмсау жоспарланған.

ҚТЖ-ның IPO-сы, кез келген басқа компания секілді, едәуір дайындық жұмыстарын талап етеді. Оның ішінде активтің сыртқы инвестициялар үшін тартымдылығын арттыру мәселелері де бар. Қазіргі уақытта мұндай дайындық жұмыстарын Қор мен ҚТЖ Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімімен жүргізіп жатыр. Әзірге дайындық жұмыстарын егжей-тегжейлі жариялау мүмкін емес.

ҚТЖ тартатын инвестициялық банктер IPO өткізу мерзіміне жақын уақытта қаржы нарықтарындағы ахуалға жан-жақты бағалау жүргізеді. Аталған бағалау, сондай-ақ ҚТЖ-ның IPO-ға дайындығы мен инвесторлардың қызығушылық деңгейі IPO-ның нақты мерзімдері мен параметрлеріне әсер етеді.

«Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметтері

Осы баспасөз хабарламасы қандай да бір юрисдикцияда бағалы қағаздарды сату немесе шығару туралы ұсыныс не шақыруға жатпайды және оның құрамдас бөлігі болып саналмайды, сондай-ақ қандай да бір бағалы қағаздарды сатып алу немесе оларға жазылу туралы ұсыныс болып есептелмейді. Осы баспасөз хабарламасы (немесе оның кез келген бөлігі) не оны тарату фактісі қандай да бір бағалы қағаздарға қатысты келісімшарт немесе міндеттеме жасауға негіз емес және ондай келісімшарт немесе міндеттемені жасасуға себеп ретінде қолданылмайды.

Осы баспасөз хабарламасы Америка Құрама Штаттарында тікелей немесе жанама түрде жариялауға немесе таратуға арналмаған. Бұл баспасөз хабарламасы Америка Құрама Штаттарында бағалы қағаздарды сату туралы ұсыныс болып саналмайды. Осы құжатта аталған кез келген бағалы қағаздар 1933 жылғы АҚШ-тың Бағалы қағаздар туралы заңына (өзгерістерімен қоса) сәйкес тіркелмеген және тіркелмейді, сондықтан тіркеуден босатуға қатысты қолданыстағы ерекшеліктерден басқа жағдайларда Америка Құрама Штаттарында ұсынылмайды немесе сатылмайды. Америка Құрама Штаттарында бағалы қағаздарды жария орналастыру жүргізілмейді.

Осы баспасөз хабарламасын алған және ҚТЖ акцияларын аңдатпаның түпкілікті нұсқасы жарияланғаннан кейін сатып алуды немесе оларға жазылуды жоспарлап отырған тұлғаларға мұндай сатып алу немесе жазылу тек ҚТЖ-ға қатысты аңдатпаның түпкілікті нұсқасында қамтылған ақпарат негізінде ғана жүзеге асырылуы тиіс екенін еске саламыз.