70-тен астам жоба: «Самұрық-Қазына» Қор тобында жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізіп жатыр

70-тен астам жоба: «Самұрық-Қазына» Қор тобында жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізіп жатыр

60

01 Қазан 2026

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов AI & Digital Bridge 2026 форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қор тобында жасанды интеллектіні енгізу барысы туралы баяндады.
 
Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында «Самұрық-Қазына» қоры портфельдік компаниялардың қызметіне жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізуге көшті.

,.MMи.jpg

Қорда 11 компанияның деректері мен 300-ге жуық өндірістік көрсеткішті біріктіретін бірыңғай SKAI Data деректер қоры құрылды. Деректер күн сайын түсіп тұрады және талдау жүргізу, жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу үшін пайдаланылады.
 
SKAI Data және басқа да цифрлық платформалар негізінде Қор тобында жасанды интеллект қолданылатын 70-тен астам жоба іске асырылып жатыр. Оның 25-і өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді, тағы 24 жобаны 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
 
Жасанды интеллект шешімдері негізгі өндірістік және корпоративтік процестерді қамтиды: кен орындары мен нысандарды басқару, жабдықтарды диагностикалау, қауіпсіздік, энергетика және логистика. Нәтижесінде процестер оңтайландырылып, жабдықтар мен энергия жүйелерінің сенімділігі артады, бос тұрып қалу уақыты қысқарып, ресурстарды пайдалану тиімділігі жоғарылайды.

MNMNMNни.jpg

Қор тобының компанияларында 120-дан астам ЖИ агенті қолданылады. Олар құқықтық кеңес беру, валюталық операциялар мен инвестициялық жобаларды талдау, өндірістік тәуекелдерді болжау, қызметкерлерді іріктеу бағыттарында пайдаланылады. Аталған агенттер деректерді өңдеуге, жекелеген процестерді автоматтандыруға және шешім қабылдауды қолдауға мүмкіндік береді.
 
Бұл ретте жасанды интеллектіні енгізу нақты экономикалық нәтижеге бағытталған. Портфельдік компанияларға жасанды интеллектіні қолдану есебінен EBITDA-ны 5%-ға арттыру міндеті қойылды.
 
Жеке бағыттардың бірі – қызметкерлердің құзыреттерін дамыту. Қазірдің өзінде 13 мың қызметкер жасанды интеллектіні, оның ішінде вайбкодинг құралдарын қолдану бойынша тәжірибелік оқудан өтті. Жыл соңына дейін олардың санын 19 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
 
Бұдан бөлек, Қор тобының 500 қызметкері Qazaq AI Research University-де білім алады. Бұл олардың жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

NNNNи.jpg