Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ директорларының 9-шы форумы өтті

Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ директорларының 9-шы форумы өтті

515

24 Қазан 2017

2017 жылдың 23 қазанында Астана қаласында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы директорларының форумы өтті. Оған Қордың және оған қарасты 16 қоржындық компанияның Директорлар кеңесі мүшелері қатысты.

Форумға қатысушылар компаниялардағы стратегияларды жүзеге асыруды, Трансформация бағдарламасындағы Директорлар кеңесі мүшелерінің рөлін, 2017 жылғы корпоративтік басқаруды сараптаудың нәтижелерін, Қор мен Үкімет арасындағы өзара іс-әрекетті талқылады. Форум қатысушыларына арналып комплаенс семинар өткізілді.

Форум жұмысын ашқан «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Қор біртіндеп активтер қоржынын операциялық басқарудан Директорлар кеңесі арқылы бағыт-бағдар беруге көшкенін атап өтті. Ө. Шөкеев Директорлар кеңесінің мүшелері Қордың басты бағдарламаларын жүзеге асыруға және IPO-ны табысты өткізуге жауапты екендігіне баса назар аударды. «Қоржындық компанияларды басқару жүйесінде елеулі өзгерістер болғанын нық сеніммен айтуға болады. Біз жаңа құзыреттері және құнды тәжірибесі бар адамдарды шақырып, компаниялардағы Директорлар кеңесін күшейттік. Бұл үрдіс өзінің жалғасын табады», - деп атап өтті Қор басшысы.

«Сонымен қатар Директорлар кеңесі «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларындағы өзгерістердің драйверлеріне айналып жатқанын атап өткім келеді. Олар компаниялардың ұзақмерзімді мақсаттарына қол жеткізуге басымдық беріп, стратегияларды  анықтауда және жүзеге асыруда көшбасшы болуы тиіс», - деп сөзін түйіндеді ол.

Директорлар форумы 2011 жылдан бері жылда ұйымдастырылып, осы уақыт аралығында Қор тобындағы ірі компаниялардың Директорлар кеңесі мүшелері үшін өзекті мәселелерді талқылаудың және тәжірибемен алмасудың алаңына айналып отыр.