"Самұрық-Қазына" АҚ-ның жекешелендіру бағдарламасы ресейлік инвесторларға таныстырылды

397

28 Мамыр 2018


28 мамыр, Мәскеу қ.– «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Қазақстандағы мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы аясында ЕАЭО инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған баспасөз конференциясы «Ресей бүгін» ХАА халықаралық мультимедиялық баспасөз орталығының алаңында  өтті. Бейнекөпір форматындағы іс-шараға ресейлік бизнес-қауымдастықтың және Мәскеу, Екатеринбург, Казань мен Астрахань қалаларынан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Инвесторлармен байланыс департаментінің директоры Жанболат Кәкішев негізгі төрт бағытқа тоқталып, оның әрқайсысы бойынша Қор инвесторларды іздеуде жекелеген жұмыс жүргізетінін атап өтті.

«Бізде негізгі индустрияларда жұмыс істейтін қоржынды компаниялар бар. Мәселен, мұнай-газ немесе тасымалдау және логистика. Бұл салаларда біз негізгі бизнеске сәйкес серіктестерді іздейміз. Екінші бағыт – бұл активтерді сату. Үшінші бағыт – бұл тау-кен немесе мұнай-химия саласындағы дамып жатқан компаниялар. Бұл ретте біз оған ұқсас жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар стратегиялық серіктестерді іздейміз. Себебі бұл өзінің спецификасы бойынша жаңа жобалар болып табылады. 4-ші бағыт – тең инвестициялау бойынша жобалар», - деп түсіндірді Кәкішев.

«Самұрық-Қазына» АҚ Трансформациялау, жекешелендіру және қайта құрылымдау жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Рахметов бизнесті трансформациялаудың кешенді бағдарламасы шеңберінде компанияларды сату алдындағы дайындық бойынша ауқымды жүмыс жүргізілгеніне тоқталып, Қордың ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жоспары жайлы баяндады.

«Ірі активтердің саны тоғыз екенін атап өттім. Олардың алтауын IPO-ға шығаруды жоспарлап отырмыз. Мұны үш толқын негізінде жүзеге асыру қарастырылған. Біз биылғы жылдың ішінде халықаралық алаңға үш компаниямызды шығару мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Бұл – біздің ұлттық телекоммуникациялық операторымыз «Қазақтелеком», біздің ұлттық әуе тасымалдаушымыз «Эйр Астана», біздің уран компаниямыз «Қазатомөнеркәсіп», - деді Н. Рахметов. 

Тағы үш компания  – «Самұрық-Энерго», «Тау-Кен Самұрық» және Qazaq Air -  екінші толқын аясында жекешелендіріледі. Бұл ретте басқарушы директордың сөзінше, Қор «Самұрық-Энерго» 100% акциялар пакетін сатуды қарастырып отыр, мәміле жайлы қорытынды шешім  компанияға жүргізілген тәуелсіз бағалаудан кейін қабылданады. Үшінші толқын аясында «Қазпошта», «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» активтері сатылады.

Атап өткен жөн, ПХЭФ-2018 аясында өткен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Инвестор күніне 134 ресейлік және 74 шетелдік компания қатысты. Олардың арасында Қордың қоржынды компанияларына стратегиялық қызығушылық туғызатын халықаралық холдингтердің, ірі мемлекетті корпорациялардың, банктер мен басқа компаниялардың шамамен  30 топ-менеджері мен өкілі қатысты.