"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ және "Атамекен" ҚР ҰКП елімізде жүздеген жаңа өндірістік кәсіпорындарды құруға қолдау көрсетуге дайын

394

17 Маусым 2018


Бүгін Астана қаласында «Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігі» атты форум өтті. Шара аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов пен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Өзара қарым-қатынас туралы келісімге қол қойды. Құжатта таза импорт үлесін біршама қысқартуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді Импортты алмастыру бағдарламасы әзірленетіні атап өтілген. Мұнай тәсілдеме бұған дейін ел аумағында өндірілмеген тауарларды ұсынатын жүздеген жаңа өндірістік кәсіпорындардың құрылуына жағдай жасайды.

 «Бұл бағдарламаның мазмұнына тоқталсам: Біз Қордың қоржындық компанияларының сатып алуларында тек импорт болып табылатын тауарларды анықтап, тізбесін бірлесіп жасаймыз. Кейін «Атамекен» палатасымен бірлесіп Қазақстанда қажет өндірісті ұйымдастыруға әлеуетті инвесторлар арасында конкурс өткіземіз. Қор өз тарапынан қажетті өндірісті жолға қоятын конкурс жеңімпаздарымен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға дайын екенін растайды», - деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов.

 «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы осы бастамаларды іске асыру отандық кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандырып, жаңа өндірістер құрылатынын, жаңа жұмыс орындары ашылатынын және бюджетке қосымша салық түсімдері қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті.

«Қор таяудағы 2 жыл ішінде, холдинг ішіндегі кооперациядан шығу есебінен, кәсіпкерлік субъектілері үшін бәсекелес ортаға шамамен 700 млрд. теңге көлемінде сатып алуды тапсырады. Бұл біршама кәсіпкерлер тобының Қордың сатып алулар процесіне қатысуына мүмкіндік береді»,- деді А.Есімов.

Сондай-ақ Қор тарапынан шетелдік өнім ұсынушылармен немесе олардың делдалдарымен отандық өндірушілердің тауарлық номенклатурасы бойынша жаңа ұзақ мерзімді шарттар жасасуға және қолданыстағы мерзімді шарттарды ұзартуға мораторий енгізілетін болады.

«Бұл бір реттік шаралар емес. Біз кәсіпкерлермен өзара қарым-қатынасты дамыту және сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді одан әрі жалғастыратын боламыз. Бұл өзара пайдалы ынтымақтастық. Бір жағынан, бизнес тарапы үшін Қорға қарасты компаниялардың сатып алуларына ашық қол жеткізу мүмкіндігі пайда болады және елдегі кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасайды. Ал «Самұрық-Қазына» бәсекелестікті кеңейту арқылы қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік алады»,- деді Ахметжан Есімов.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін сатып алудың электрондық жүйесін дамыту аясында жаңа сатып алу порталында электрондық шарттар жасасу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл санаулы күн ішінде шарт жасасуға мүмкіндік береді. Осы шара пошта арқылы жіберу қажеттілігін болдырмайды, кәсіпкерлер кабинет аралап, қол жинамайтын болады.

Отандық бизнес субъектілерінің мүдделерін қорғау мақсатында Қор әлеуетті өнім берушілерге көшпелі аудит жүргізу өкілеттілігін «Атамекен» ҰКП-ға беру жөнінде шешім қабылдады. Бұл аудит жүргізу рәсімінің ашық болуына мүмкіндік береді, сыбайлас жемқорлықты азайтады, бизнес шығындарын қысқарады және олардың заңдық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, 2019 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы өңірлік бизнес бастамаларды қолдауға бағытталған «ӘРЕКЕТ» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту» жобасын қаржыландыру көлемі 2 есеге ұлғаятын болады (70-тен 140 млн.теңгеге дейін).