«Самұрық – Қазына» АҚ импортты алмастыру бағдарламасы аясында бес жаңа өндіріс ашылды

«Самұрық – Қазына» АҚ импортты алмастыру бағдарламасы  аясында бес жаңа өндіріс ашылды

504

26 Маусым 2019

Қазақстанда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ импортты алмастыру бойынша бағдарламасы аясында бес жаңа өндіріс ашылды. Жақын арада Қордың еншілес компанияларымен бірқатар оффтэйк келісімшарттарға қол қою жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылдың басынан бері мақұлданған жаңа жобалар қатарында – «ҚазЖЭО» зауыты базасында «ҚТЖ» ҰК» АҚ үшін Семей қаласында вагондық баяулатқыштарды және «KARLSKRONA» отандық машина жасау зауыты базасында Шымкент қаласында мұнай компаниялары мен сумен қамтамасыз ету үшін сорғы жабдықтарын өндіру бар.

«Оффтэйк келісімшарттарды жасасу ішкі инвестицияларды ынталандырудың, Қазақстанда өндірісті құру мен дамытудың тиімді тетігі болып табылады. «AsiaTrafo» мен «КЕГОК» арасындағы бірінші оффтэйк келісімшарттың нәтижелері тек 220-дан астам жұмыс орындарын құруға ғана емес, сонымен қатар өндірісті кеңейтуге де ықпал етті. Егер бұрын жоғары вольтты трансформаторлық жабдықтар Ресейден, Украинадан, Қытайдан және басқа елдерден импортталса, бүгінде зауыт ішкі нарықтың сұранысын 100 %-ға жабады және жабдықтарды жақын және алыс шетелдерге экспорттауға дайын», - деді «Самұрық-Қазына Контракт» Бас директорының орынбасары Рахымжан Тұңғышбаев.

Ағымдағы жылдың мамыр айында «Уранэнерго» ЖШС («Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның еншілес компаниясы) мен «AsiaTrafo» ЖШС арасында трансфор маторлар шығару бойынша оффтэйк келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта «AsiaTrafo» ЖШС мен «ҚТЖ» АҚ, «КЕГОК» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорындары арасында трансформаторлар өндіру бойынша оффтэйк келісімшарт жасасу мәселесі қарастырылып жатыр. Жыл соңына дейін Қор Қазақстанда баламасы жоқ оннан астам жаңа отандық өндірісті құруды қолдауға ниетті.

Атап өткен жөн, Қор іске асырып отырған бағдарлама елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Бағдарламаның мақсаты өнімнің жаңа түрін игергісі келетін жеке бизнес субъектілерінің бастамаларын қолдау болып табылады. Сонымен қатар, импортты алмастыру бойынша бағдарлама шеңберінде бизнесті қолдаудың басты құралы шарттың оффтэйк тетігі, яғни кепілді тікелей сатып алу, оның ішінде Қор компаниялары тарапынан ұзақ мерзімді сатып алу болып табылады.

Айта кеткен жөн, 2018 жылдың соңында Қор бағдарламасы аясында «KEGOC» АҚ мен «AsiaTrafo» ЖШС арасындағы оффтэйк шарты негізінде жоғары вольтты күштік трансформаторлар мен шунттаушы реакторларды шығару зауыты, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ мен «KMG Automation» ЖШС арасындағы оффтейк шарты бойынша қысым датчиктерін шығару зауыты ашылды.