11 мың кәсіпкер 2021 ж. "Самұрық-Қазына" компаниялар тобынан тапсырыс алды

11 мың кәсіпкер 2021 ж.

1078

08 Қыркүйек 2021

2021 жылы 11 мың қазақстандық кәсіпкер "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының сатып алу жүйесі бойынша тұрақты тапсырыстарға қол жеткізді. Сатып алулар жүйесін жетілдіре отырып, Қор отандық бизнеске қолдау білдірді. 

Кәсіпкерлер Қазақстанда теңдесі жоқ өнеркәсіптерді дамытуға ынталандыратын импортты алмастыру Бағдарламасы аясында өз өндірістерін өрге домалатуға мүмкіндік алды. Себебі, Бағдарлама шарты бойынша ұзақмерзімді offtake-келісім-шарттар жасалынады. Offtake - дегеніміз, компанияларға өндірілетін тауарларына кемінде 5 жыл бойы тапсырыс берілетініне кепілдік беру.

Демек, кәсіпорындар еш алаңсыз жаңа өндірістерді ашып, оларды кеңейтуге 220 млрд тг шамасында инвестиция құюға мүмкіндік алды.   Осының арқасында 2000 жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.

Импортты алмастыру аясында 627 атаудан тұратын тауарлар тізімі бекітілді. Олардың жалпы құны 121 млрд теңгеден асады. Қазір 76,4 млрд теңгеге бағаланатын 139 offtake-келісім-шарт іске асырылып жатыр. Соның ішінде сомасы 50 млд теңгеге жуықтайтын 55 келісім шарт биыл жүзеге асады.

2021 ж. маусым айында "Самұрық-Қазына" Қоры «ПРОММАШ КЗ» ЖШС-мен рекордтық offtake-келісім-шарт жасасты. Оған сәйкес "темір жолға арналған төсемсіз бағыттауыштардың жаңа түрлерін" жеткізу көзделеді. Шарт сомасы 42 млрд теңгеден асады. Осы тапсырыстың арқасында кәсіпорын 305 жұмыс орнын сақтап қалып, қосымша 120 маманды жұмысқа тартты. Бұл жобаны іске асыру шеңберінде бюджетке шамамен 5,5 млрд тг салық түседі. Ал, инвестициялар көлемі 2,4 млрд теңгеге ұлғаятын болды. 

«ПРОММАШ.KZ» зауыты темір жолға қажетті жабдықтарды шығаратын Қазақстандағы бірегей кәсіпорын. Оның іске жарамды СТ-KZ сертификаттары, сәйкестендіру және индустриалды сертификаттары бар және зауыт Қордың тауар өндірушілер тізіміне енген. 

Сатып алуларды санаттар бойынша жіктеп басқару механизмі белгілі бір тауар түрлері бойынша барлық компаниялардың мұқтаждықтарын біркелкі етіп, жеткізіп берушілер пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы отандық тауар өндірушілер өндіріс көлемін арттыруға, жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, оларды көбейтуге қол жеткізе алады. Мысалы, тек "жүк көліктері мен арнайы техника" санаты бойынша 10 отандық өндірушімен стратегиялық келісімдерге қол қойылып, жалпы құны 4,2 млр тг 93 дана арнайы техника сатып алынды.