«Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялар қызметкерлерінің 75% коронавирусқа қарсы егілді

 «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялар қызметкерлерінің 75% коронавирусқа қарсы егілді

867

15 Қыркүйек 2021

Қазақстандықтардың коронавирустық инфекцияға қарсы егілу үрдісіндегі «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі қомақты. 11-шы қыркүйектегі жағдай бойынша вакцинаның бірінші компонентін Қор компанияларында еңбек ететін 203 853 қызметкер салғызды, бұл барлық жұмысшылардың 74,5%. 182 272 қызметкер, 66,6%, толық егілді. Егілу тек ерікті түрде, заң жүзінде жұмысшының толық келісімі алынған соң ғана жүргізіліп келеді. Бұл туралы брифингте Қордың корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Мұхтар Манкеев хабарлады.   

"Самұрық-Қазынаның" портфельдік компаниялары көптеген салаларда қызмет етеді, олардың тұрақты әрі мүлтіксіз жұмыс істеуі Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан жұмыскерлердің егілуі олардың денсаулығын сақтауға ғана емес, еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыруға ықпалын тигізеді", деді Мұхтар Манкеев.   

ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің қолдауымен портфельдік компанияларда вакцинациялау жолға қойылған. Өнідірістік нысандарға арнайы жылжымалы топтар да барып, егу шараларын жүргізеді. Әрбір жұмыскерге елімізде мақұлданған вакцина түрі ұсынылады. Қорда Covid-19 қарсы іс-қимыл жөніндегі Жедел штаб құрылып, пандемияға қарсы жаңа шаралар әзірлеп, вакцина салуға ынталандыру тетіктерін ұсынады. 

"Вакцина егу қажеттілігі жөніндегі мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес, 270 мыңнан астам қызметкері бар "Самұрық-Қазына" Қоры ұжымдық иммунитет қалыптастыруға белсенді атсалысты. Әлеуметтік желілер, салалық бұқаралық ақпарат құралдары мен бейнероликтер арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. #менекпеалдым #явакцинировался челленджі ұйымдастырылып, барлық компаниялардың басшылағы өздері вакцина салғызып, үлгі көрсетті", деді Мұхтар Манкеев.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында, халыққа егу препараттарын қолжетімді ету үшін Қор БАӘ шығарған Hayat-Vax вакцинасының 1 млн дозасын сатып алуға қаржы бөлді. Оны биылғы жылдың мамыр айында СК-Фармация жеткізіп, денсаулық сақтау Министрлігінің желісі бойынша таратты.  

Қор компанияларының тобында қызметкерлерді коронавирусқа қарсы егілуге ынталандыру үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша демалыс күндерін қосу, кезектен тыс ақылы демалыс күндері беру, вакцина салғызған қызметкерлер арасында ұтыс ойындарын ұйымдастыру сияқты шаралар қолға алынған. Вакцина салғызғандар санын ұлғайту мақсатында қосымша шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Соның ішінде психологтармен, қоғам белсенділерімен, медицина қызметкерлерімен кездесулер, ланч-бокстар ұйымдастыру және тағы басқа шаралар.