Түріктің Силифке қаласының мэрі қазақстандық компанияларды АЭС салынып жатқан өңірге инвестиция салуға шақырды

Түріктің Силифке қаласының мэрі қазақстандық компанияларды АЭС салынып жатқан өңірге инвестиция салуға шақырды

1081

28 Шілде 2022

Қазақстандық журналистер мен сарапшылар делегациясының Түркиядағы салынып жатқан «Аккую» АЭС сапарының бағдарламасы өңір орталығы - Силифке қаласының билігімен және жұртшылығымен кездесумен жалғасты. 

Бұл Түркияның оңтүстігінде, Мерсин провинциясында орналасқан жүз мың халқы бар қала. Бұл өңір жеміс-жидек және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен әйгілі, зәйтүн майын шығарады, елдің «құлпынай астанасы» болып табылады, жыл бойы экспортталатын барлық түрік құлпынайының 80% өндіреді.  

Қазақстандық делегация мүшелерінің алдында сөз сөйлеген қала әкімі Садык Алтунок өңірге АЭС құрылысының перспективалары мен жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді. 

Атап айтқанда, ол құрылыс басталғаннан бері Силифке қаласының Сауда-Өнеркәсіп палатасының құрамына «Аккую» АЭС үшін түрлі тапсырыстарды орындайтын 150 түрік компаниясы кіргенін атап өтті. Станция құрылысына Силифке қаласының бірнеше мың тұрғыны тартылған. 

Қала басшысы табиғаты көркем және биоалуантүрлілігі жоғары өңірдің ерекшелігін ескере отырып, «Аккую» АЭС болашақ жұмысының қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше тоқталды:

«Біз салынып жатқан станцияның басшылығымен үнемі байланыста боламыз. Жұмыс ашық және айқын түрде жүргізіледі, 2010 жылдан бастап АЭС жұмысының қауіпсіздігі бойынша қоғамдық тыңдаулар тұрақты түрде өткізіледі. Салынып жатқан төрт энергоблоктың біріншісінің жарты жылдан кейін іске қосылуын күтеміз. Аймақтағы энергия тапшылығы толығымен толтырылады деп күтілуде». 

Садык Алтунок қазақстандық компанияларды ауыл шаруашылығына және қарқынды дамып келе жатқан өңірдің туристік бизнесіне инвестиция салуға шақырды. Кездесуге сондай-ақ Силифке қаласының Сауда-өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы палатасының басшылары қатысты.