«Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық брокерлердің жәрмеңкесіне қатысты

«Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық брокерлердің жәрмеңкесіне қатысты

273

07 Қазан 2022

Іс-шара Дүниежүзілік қор биржалары федерациясының (WFE) жыл сайынғы World Investor Week 2022 бағдарламасын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – қазақстандық қор нарығында сауда-саттықты насихаттау, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық компанияларының IPO-сы қарсаңында әлеуетті инвесторлардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру.

«Жыл сайын қазақстандық қор биржасы «World Investor Week» дүниежүзілік науқаны аясында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша іс-шаралар өткізеді. Биыл ұлттық компаниялардың IPO-сы қарсаңында біз «KASE FEST» жәрмеңкесі форматында бірнеше іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылдадық, оның мақсаты – бөлшек инвесторларды Қазақстанның қор нарығының жұмысымен, ондағы қолжетімді қаржы құралдарымен және өнімдермен таныстыру. Жәрмеңкелерде кез келген адам қазақстандық брокерлік ұйымдармен және Биржамен таныса алады, брокерлік шотты ашу жолдарын үйренеді және KASE мобильді қосымшасында биржалық симуляторда өз білімдерін сынай алады», – деді Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма төрағасы Алина Алдамберген.

Бірінші жәрмеңке 2022 жылғы 7 қазанда KIMEP (Алматы қ.) қаласында өткізілді. Келушілер жәрмеңкеде «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК басшылығымен кездесті. Қазақстандық қор биржасының сарапшылары шеберлік сыныптарын өткізді, ал Қазақстанның жетекші брокерлері қатысушыларға IPO деген не және ол не үшін жүргізілетіні, инвестордың IPO-ға кірісі неден қалыптасатыны, инвестициялаудың қандай тәуекелдері бар, нарықта жұмысты қанша сомадан бастауға болатындығы және т.б. туралы айтып берді.

«Мұндай кездесулердің мақсаты – халыққа Қор тобының активтерін бәсекелес ортаға беру жөніндегі жоспарлар мен тәсілдер туралы ақпаратты қарапайым және қолжетімді түрде түсіндіру. Әрине біз IPO кандидаттарына, яғни қор нарығына шығарылатын Қордың ірі компанияларына баса назар аударамыз. Біз IPO-ға шыққаннан кейін компаниялардың «өмірінің» сапасы жақсаратынына сенімдіміз, өйткені оларға листингтің жоғары талаптарын қатаң сақтау, үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес ішкі және сыртқы процестерді жүзеге асыру, инвестициялық қоғамдастықпен, оның ішінде бөлшек инвесторлармен белсенді өзара іс-қимыл жасау, корпоративтік басқару деңгейін үздіксіз арттыру, өз қызметін ашық және жария түрде жүргізу, барлық акционерлері үшін пайданы барынша арттыруға ұмтылу қажет болады!», – деді өз сөзінде «Самұрық-Қазына» АҚ Активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Әдіходжаев. 

«Өздеріңіз білетіндей, «Самұрық-Қазына» қоры жақын арада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның акциясын IPO арқылы сатуға шығарады. Сауда-саттық екі қазақстандық биржада өтеді: KASE және AIX. Бүгінгі таңда әр акция қандай бағамен ұсынылатыны туралы шешім әлі қабылданған жоқ, бұл туралы біз қосымша хабарлаймыз. Бұл ретте барлық акциялар бірыңғай бағамен сатылатын болады. Алдағы IPO «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу үшін жақсы мүмкіндік болатынын атап өтемін. Дегенмен акцияны сатып алу туралы шешімді барлық артықшылықтар мен тәуекелдерге, сондай-ақ қаржылық жағдайыңызға қарай өзіңіз қабылдауыңыз керек», – деген ойын жеткізді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қаржы департаментінің директоры Марат Диқанбаев.

Жәрмеңкеге келушілер KASE Mobile мобильді қосымшасында KASE бағалы қағаздар нарығында онлайн оқу сауда-саттығына қатысудың бірегей мүмкіндігін пайдаланды, ол өзін инвестор ретінде алғаш рет сынап көруге шешім қабылдағандар үшін таптырмас көмекші бола алады.

Биржалық симулятор – бұл Биржа 2008 жылдан бастап студенттер үшін жүргізіп келе жатқан қаржылық сауаттылықты арттыру жобасы. Соңғы жылдары жобаға қатысу KASE Mobile қосымшасы арқылы жүзеге асырылуда. 2022 жылы Биржа қосымшаның функционалдығын өзгертті, енді кез келген инвестор нарыққа шықпас бұрын болашақта нақты сауда-саттықта қателіктер жіберіп алмау үшін виртуалды сауда-саттыққа қатыса алады.