«Самұрық-Қазына» АҚ кірісі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 15,4 трлн теңгеге ұлғайды

«Самұрық-Қазына» АҚ кірісі 2023 жылдың қорытындысы бойынша 15,4 трлн теңгеге ұлғайды

2899

19 Шілде 2024

«Самұрық-Қазына» АҚ-да Қордың 2023 жылғы қаржылық нәтижелері бойынша брифинг өтті. Жиынға Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Айдар Рысқұлов және Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директор Мират Өтепов қатысты. 

2023 жылғы қорытындылары бойынша Қор компанияларының кірісі 4%-ға өсті, яғни 15,4 трлн. теңгені құрады.  Активтер өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өсті. 

Бұған топтың бірқатар негізгі өндірістік көрсеткіштерінің өсуі әсер етті:

- Уранды өндіру көлемі 18,1 мың тоннаны құрады (бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10,4%-ға артық). «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кірісі айтарлықтай өсті;

- «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол арқылы жүк айналымының көлемі 262,4 млрд. тонна/км құрады (өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш  7%-ға артық). Транзиттік жүк пен импорттық жүкті тасымалдау көлемі өсті, яғни бұл кіріс мөлшеріне оң әсерін тигізді;

- QazaqGaz табиғи газды өндіру көлемі 24,1 млрд. м3 құрады және өткен жылдың көрсеткіштері 1,4 млрд. м3 асып түсті;

- «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 23,5 млн.тонна деңгейіне жетті, бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 6,8%-ға жоғары. Алайда, ҚМГ қызметінің нәтижелеріне мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуі айтарлықтай әсерін тигізді.

Қор Үкіметтің пайдасына төлемдерді ұлғайту жұмыстарын жалғастыруда. Қордың дивидендтік саясатына сәйкес жыл сайынғы төленетін дивидендтердің мөлшері (Қордың Үкіметтің тапсырмасы бойынша іске асырылатын жобаларды қаржыландыру көлемін есепке алғанда) Қор портфельдік компаниялардан алатын дивидендтердің 50% құрайды. Бұл ретте, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл норма асыра орындалды, Үкіметке Қор алған дивидендтердің 78%-ы жіберілді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер көлемі шамамен 513 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» АҚ 2023 жылы акционердің пайдасына - 1,5 трлн. теңгеге жуық рекордтық соманы төледі.