Шанхайда өткен «ESG Global Leaders Conference» форумында «Самұрық-Қазына» басшысы сөз сөйледі

Шанхайда өткен «ESG Global Leaders Conference» форумында «Самұрық-Қазына» басшысы сөз сөйледі

1108

18 Қазан 2024

16 қазанда Шанхайда CITIC Қытай инвестициялық корпорациясы ұйымдастырған «ESG Global Leaders Conference» форумы өтті. Нұрлан Жақыпов шараға қатысып, сөз сөйледі.

«Тұрақты даму – бұл бір ғана компанияның немесе бір ғана адамның табандылығы емес, бұл келер ұрпақтың болашағын тұрақты ету мақсатындағы ұжымдық жұмыс. Ел экономикасының флагманы ретінде «Самұрық-Қазына» ESG (E – қоршаған орта, S – әлеумет, G – корпоративтік басқару дегенді білдіреді) қағидаларына көп көңіл бөледі. Біз ESG-дің үш саласын қатар алып жүрміз. Мысалы өндірісте көмірқышқыл газын шығаруды азайтып, E - environment саласына әсер етеміз, S - social саласы шеңберінде жұмыс орнында жарақаттануға жол бермеу қағидасын ұстанамыз, сондай-ақ қайырымдылық жобаларын белсенді қолдаймыз, ал G - governance аясында процестер мен есептерді әзірлейміз», - деді Жақыпов.

Қор басшысы тұрақты болашақты құру үшін форум қатысушыларын біріктіру жөніндегі CITIC ұйымының бастамасына қолдау білдірді.

«Самұрық-Қазына» АҚ мен CITIC Group стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Құжат металлургия және тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, инфрақұрылым, табиғи газ бен мұнай және басқа да салалардағы серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қор мен қытайлық конгломерат ағымдағы жобалар бойынша еншілес компаниялар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

CITIC Group – бұл қаржы, банк қызметтерімен, сақтандырумен, өнеркәсіп пен құрылыс, энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын инвестициялаумен айналысатын мемлекеттік ірі конгломерат.

«Самұрық-Қазына» мен CITIC Group басшылары 2013 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің тең төрағалары. Компаниялар арасындағы серіктестік 17 жыл бойы жалғасып келеді.