Ірі жобалар, жекешелендіру және ОТӨ-ді қолдау: «Самұрық-Қазына» Үкіметтің кеңейтілген отырысында есеп берді

Ірі жобалар, жекешелендіру және ОТӨ-ді қолдау: «Самұрық-Қазына» Үкіметтің кеңейтілген отырысында есеп берді

499

28 Қаңтар 2025

Нұрлан Жақыпов Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2024 жылғы Қор жұмысының қорытындылары туралы баяндады:

2021-2024 жылдар аралығында «Самұрық-Қазына» компаниясының жылдық орташа табысы 13%-ға, ал EBITDA 5%-ға өсті. Қаржылық тұрақтылық көрсеткіштері қолайлы деңгейде, несиелік рейтингтер – болжам бойынша тұрақты, мемлекеттік деңгейде.

2024 жылы мемлекет пайдасына 1,354 трлн теңге төленді, оның ішінде 877 млрд теңге республикалық бюджетке дивидендтер ретінде, 427 млрд теңге Үкіметтің тапсырмасы бойынша әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, 50 млрд теңге «Қазақстан халқына» қорына аударылды. Инвестициялық жобалар. 2024 жылы Топ 660 млрд теңгеге жобаларды іске асырды. Биыл 7 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік. 2024 жылы Қор үш басым бағыт – инклюзия, спорт және медицина бойынша 700 мың адамға қолдау көрсетті.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау. 1,1 трлн теңгеге келісімшарттар жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ға көп. Қордың сатып алу жүйесі алғаш рет ЕҚҚДБ, АДБ және ЭЫДҰ стандарттарына сай деп танылды.

Жекешелендіру. Өткен жылы жекешелендіруге қатысты 6 компания бойынша іс-шаралар аяқталды. «Эйр Астана» IPO-сы өтіп, Қордың үлесі 41%-ға дейін азайды. «QAZAQ AIR»-ды вьетнамдық Sovico мен оның жергілікті серіктесіне сату жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің 100%-ын катарлық PIH компаниясына сату мәмілесі аяқталды.

Сонымен қатар, Қор басшысы 2025 жылға арналған мақсаттар туралы айтты: «ҚазМұнайГаз» 25,6 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр.

Жаңа геологиялық барлау және мұнай-химия саласындағы жобалар жалғасады. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты екі есе арттырылады.

QazaqGaz 11 млрд доллар көлеміндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады. Газ қорларын кеңейту үшін геологиялық барлау жұмыстары жалғасады.

«Қазақстан темір жолы» жылжымалы құрам паркін 3 000 бірлікке дейін жаңартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ҚТЖ трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту үшін теміржолдар салуды жалғастырады.

WhatsApp Image 2025-01-28 at 17.52.49.jpeg


Басым бағытардың бірі - Ляньюньганнан Будапештке дейінгі транзиттік бағыттарды және терминалдық желіні, сондай-ақ Мәскеуден Абу-Дабиге дейінгі Солтүстік-Оңтүстік бағытты дамыту.

«Қазатомөнеркәсіп» геологиялық барлау жұмыстарын ел ішінде де, шетелде де жалғастырады. Атом саласындағы күн тәртібіне сәйкес, компания ядролық отын циклінің барлық өндірістік тізбегін дамытуға ұмтылады.

Энергетикалық компаниялар жаңа энергия өндіру нысандарын салу және қолданыстағыларды кеңейту жұмыстарын жалғастырады.

2032 жылға дейін «Самұрық-Энерго» 4,7 ГВт көмір генерациясын, 2,2 ГВт газ қуатын және 8 ГВт-тан астам жаңартылатын энергияны іске қосады.

Сонымен қатар, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жобаның тапсырыс берушісі ретінде АЭС салу жөніндегі консорциумның бас операторы болады.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі