«Самұрық-Қазынаның» негізгі көрсеткіштері өсуде

«Самұрық-Қазынаның» негізгі көрсеткіштері өсуде

77

12 Маусым 2025

Астанада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы және барлық басқарушы директорларының қатысуымен Қордың аралық нәтижелеріне арналған брифинг өтті.

Жиын барысында Қор жұмысының 2024 жылғы қорытындылары мен 2025 жылға арналған жоспарлары талқыланды.

Қор басшысы Нұрлан Жақыпов қаржылық көрсеткіштердің өсіп жатқанын мәлімдеді.

«2021 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта табыс орта есеппен 12%-ға, EBITDA – 7%-ға, ал таза пайда – 13%-ға өсті. Әлем бойынша экономикалық тұрақсыздық жағдайында мұнай бағасының арзандауына қарамастан, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қор тобының таза пайдасы 2,4 трлн теңге болды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 39%-ға жоғары», – деді Жақыпов.

Қор - Қазақстандағы ірі салық төлеушілердің бірі. Ол жыл сайын шамамен 2 трлн теңге салық төлейді.

Бұдан бөлек, Қор мемлекет пайдасына жалпы сомасы 1,355 трлн теңге бағыттады, оның ішінде:

  • 737 млрд теңге – бюджетке дивиденд түрінде;

  • 568 млрд теңге – Үкімет тапсырмасы бойынша әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, оның ішінде Астана мен Алматы қалаларында медициналық орталықтар салуға;

  • 50 млрд теңге – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бөлінді.

Осылайша, 2024 жылы Қордың барлық төлемдері, яғни 3,4 трлн теңге, республикалық бюджеттің жалпы кірісінің 17%-ын құрады.

25 ірі жоба жүзеге асырылды

«2023 жылдың басынан бүгінге дейін Қор қатысатын барлық салада 2,2 трлн теңгеге 25 ірі жоба іске асырылды. Бұл – халық пен өнеркәсіптік кәсіпорындарды газбен және энергиямен қамтамасыз ету, ресурстық базаны ұлғайту, мұнай өңдеу, логистикалық инфрақұрылым және батыс өңірінің тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жобалары», – деді Жақыпов.

  • Атырау және Маңғыстау облыстарындағы су тапшылығы мен оны тұтынудың артуына дайын болу үшін Астрахан–Маңғышлақ су құбыры іске қосылып, Кендірлі елді мекенінде су тұщыландыру зауыты салынды.

  • CASPI BITUM зауытының қуаты 1,5 есе артып, жылына 750 мың тоннаға жетті. Бұл ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  • Қазақстанның батыс өңірлерін газбен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Сарша» және «Жылы жағажай» елді мекендерін газбен қамту жобасы аяқталып, «Мақат–Солтүстік Кавказ» магистральді газ құбырының қосақ құбыр желісі мен «Бейнеу–Жаңаөзен» құбырының екінші желісі салынды.

  • Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын табиғи газға көшіру үшін газ инфрақұрылымы салынды.

  • Сиань қаласында көлік-логистикалық терминалы, Ақтау портында контейнерлік хаб және Алматыда логистикалық кешен іске қосылды. Бұл - Еуразияда Қазақстанның сенімді транзиттік хаб ретіндегі маңызын нығайтты.

  • «Богатырь» разрезінде көмір өндіру, тасымалдау және тиеудің циклді-ағымдық технологиясына көшу жобасы аяқталып, кеніштің қуаты жылына 32 млн тоннадан 40 млн тоннаға дейін артты.

  • Екібастұз 1-МАЭС станциясының 1-энергетикалық блогы қалпына келтірілді. Станция соңғы 30 жылда алғаш рет сегіз блокпен (4 ГВт дейін) жұмыс істеп тұр.

  • Қазақстанның Батыс аймағының электр желісін күшейту мақсатында жаңа электр жеткізу желілері іске қосылды.

Жекешелендіру және халықаралық ынтымақтастық

«Самұрық-Қазына» Қоры экономикалық саладағы мемлекеттің үлесін азайту жұмыстарын жалғастыруда. Соңғы екі жылда өңір бойынша қор нарығындағы ірі оқиғалардың бірі KEGOC компаниясының SPO-сы және Air Astana компаниясының IPO-сы сәтті жүзеге асырылды.

Стратегиялық инвесторларға «Qazaq Air» АҚ әуе компаниясы мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2) сату туралы мәміле аяқталды. Бұл - бәсекелестікті арттыруға және республиканың негізгі экономикалық секторларына инвестиция тартуға ықпал етеді.

Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша Қор Қытай, БАӘ, Ресей, Италия, АҚШ, Катар, Франция және басқа елдердегі серіктестермен бірге мұнай-газ химиясы, энергетика, көлік және логистика, машина жасау және цифрландыру салаларындағы жобаларға бірлесіп инвестиция салуда. Соңғы бес жылда «Самұрық-Қазына» АҚ ел экономикасына 27 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. 2025–2029 жылдарға арналған жоспар – 30 млрд доллардан астам инвестиция тарту.

Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында 2024 жылы 700 мың отандасқа қайырымдылық бағытында көмек көрсетілді. 2024 жылы жалпы сомасы 36,6 млрд теңгеге 41 жоба іске асырылды. Өңірлерде 45 оңалту орталығы, 14 спорт кешені ашылып, мектептерде жаңа форматтағы 15 инклюзия кабинеті іске қосылды.

image-12-06-25-01-53.jpeg