«Самұрық-Қазынаның» шетелдік тікелей инвестициялар арқылы елішілік құндылықты арттырудағы рөлі

«Самұрық-Қазынаның» шетелдік тікелей инвестициялар арқылы елішілік құндылықты арттырудағы рөлі

39

24 Маусым 2025

24 маусымда Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-пленарлық отырысы өтті. Іс-шараға «Самұрық-Қазына» басшылығы қатысты.

Шетелдік инвесторлар кеңесі — бұл шетелдік инвесторлардың Республикадағы қызметіне қатысты мәселелерді тиімді шешу және еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Президент пен инвесторлар арасындағы тікелей диалог алаңы. Кеңестің 37-отырысы шетелдік инвесторлардың елішілік құндылықты дамытудағы үлесіне арналды.

Қазіргі таңда Кеңес құрамына «Самұрық-Қазына» қорының ұзақ жылдар бойғы халықаралық серіктестері — Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Citi, Glencore, Solidcore Resources, Wabtec, Shell, Eni, Total және CNPC кіреді. Қордың Air Liquide және Alstom сынды серіктестері Кеңеске бақылаушылар ретінде қатысады.

image-24-06-25-06-55-1.jpeg

«Самұрық-Қазына» — шетелдік тікелей инвестицияларды тартатын катализатор қызметін атқарады. Қордың инвестициялық портфелінде жалпы құны 100 миллиард АҚШ долларынан асатын 130-дай жоба бар. 2019–2024 жылдар аралығында Қор тобы 27 миллиард АҚШ долларына жуық тікелей шетелдік инвестиция тартты.

Қор өзін Қазақстан аумағындағы жобаларға қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар үшін сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде көрсетті.

Бұл орайда Қордың сатып алу жүйесінің де рөлі зор. Қазақстан аумағында өндіріс ашуды жоспарлаған шетелдік инвесторлар дайын өнімді 20 жылға дейін кепілді түрде өткізуге мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасаса алады. Осылайша, Қор шетелдік инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырып, елдің импортқа тәуелділігін азайтуға ықпал етеді.

Бизнес үшін қалыптасқан қолайлы жағдайлардың нәтижесінде, кеңестің отырысына қатысқан ірі инвесторлар – АҚШ-тың Wabtec және Францияның Alstom ұйымы Қордың портфельдік компаниясы «Қазақстан темір жолымен» ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасып, өндірістерін Астанада жүргізе бастады.

image-24-06-25-06-55.jpeg

Alstom компаниясының «Электровоз құрастыру зауытына» кепілді түрде өткізілетін өнім көлемі жобаның бастапқы кезеңінде шамамен ≈10% болған өндірістік локализация үлесін 35%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Ал Wabtec компаниясына тиесілі «Локомотив құрастыру зауыты» өндірісті 40%-ға дейін локализациялады.

Қор жүзеге асырып жатқан, 20 жылға дейінгі офтейк-келісімшарттар жасауға мүмкіндік беретін жаңа өндірістерді құру бағдарламасы туралы Кеңес отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев та атап өтті.

«Самұрық-Қазына» қоры шетелдік тікелей инвестицияларды тек бірлесіп қаржыландыру арқылы ғана емес, офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы да тартады. Бұл өз кезегінде Қордың шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып елішілік құндылықты дамытуға ықпал етеді.