Балалар үйінің 100 түлегі «Самұрық-Қазына» кәсіпорындарына жұмысқа орналаспақ

Балалар үйінің 100 түлегі «Самұрық-Қазына» кәсіпорындарына жұмысқа орналаспақ

50

28 Тамыз 2025

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ «Тәлімгер» жобасын іске асыруда, оның мақсаты – 2025 жылы колледждерді бітірген балалар үйлерінің 100 түлегі жұмысқа орналастыру.

Жоба 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтиды. Жыл соңына дейін ата-ана қамқорлығынсыз өскен балалар Қордың компаниялар тобының кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылады.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің алғашқы түлектеріне еңбек кітапшасын салтанатты түрде табыс етті.

«Еңбек кітапшасындағы алғашқы жазба – бұл менің үлкен өмірге қадам басқанымның белгісі. Менің кәсіби тарихым осындай қызықты әрі ел үшін маңызды өндірістен басталып жатқанына қуаныштымын», – дейді Таукент кенті колледжінің түлегі, бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Ақбастау» БК» АҚ геотехнологиялық ұңғымаларының операторы Әлихат Молдабек.

«Тәлімгер» – бұл тек жұмысқа орналастыру ғана емес. Бастама жастарға өздерінің қабілетін жүзеге асыруға, тәжірибелі мамандардың тәлімгерлігімен техникалық салада алғашқы кәсіби тәжірибеге қанық болуға және дербес өмірге сенімді түрде енуге мүмкіндік беруге бағытталған», – деп атап өтті Ғибрат Ауғанов.

2.JPG

Сондай-ақ ол Қор жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесіп, дуальды оқыту бағдарламаларын дамытып жатқанын жеткізді. Мұндай формат студенттерге Қордың портфельдік компанияларының жетекші кәсіпорындарында тәжірибеден және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Бүгінде 7 колледжбен ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. 2025 жылы 113 студент Түркістан облысында орналасқан Қордың кәсіпорындары – «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Энерго», «QazaqGaz» базасында дуальды оқытудан өте алады.

«Қазақтелеком» АҚ мен биыл Түркістанда ашылған корей жоғары оқу орнының бірінші халықаралық филиалы Woosong University Kazakhstan ынтымақтастық туралы келісімді жасасты. Енді университет студенттері «Қазақтелеком» базасында дуальді оқыту мен практикадан өтіп, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жобаларға қатыса алады.

Қол жеткізілген келісімдерді бекіту үшін «Самұрық-Қазына» мен Түркістан облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат қосымша білім беру бағыттарын дамытуды және өңірдегі жастардың қабілетін кәсіби тұрғыдан сәтті іске асыру үшін жағдай жасауды көздейді.

3.JPG