Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде іске асырылуын тапсырды

Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобалардың белгіленген мерзімде іске асырылуын тапсырды

48

05 Қараша 2026

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың портфельдік компанияларының басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді. Жиынның негізгі тақырыбы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін сақтау және нысандарды уақытында пайдалануға беру болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған міндеттерді іске асыруға ерекше назар аударылды. Президент ел инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту, жаңа генерациялық қуаттарды дамыту және 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицитті қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осыған байланысты Нұрлан Жақыпов құрылыс жұмыстарының бекітілген кестелерін мүлтіксіз сақтаудың және нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін басшылардың жеке жауапкершілігінің маңызын атап өтті.

Қор басшысы құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, туындаған мәселелерді жедел шешуді және белгіленген мерзімдерді сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

WhatsApp Image 2026-11-04 at 18.23.31.jpeg

Сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялық қуаттардың және газ өңдеу зауыттарының құрылысы жеке қаралды. Аталған нысандарды іске қосу мерзімдерін кейінге шегеруге болмайтыны айтылды.

«Стратегиялық инвестициялық жоба мерзімдерінің бұзылуына жол берілмейді. Әрбір бірінші басшы қабылданған міндеттемелердің орындалуына және нысандардың уақтылы пайдалануға берілуіне жеке жауап береді. Немқұрайлы қарау, тиісті бақылаудың болмауы сәйкесінше басқарушылық шешімдер қабылдауға әкеледі», – деді Нұрлан Жақыпов.

Қазіргі уақытта қордың Директорлар кеңесінің бақылауында жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын іске асырылатын 69 ірі инвестициялық жоба бар.

WhatsApp Image 2026-11-04 at 18.23.31 (1).jpeg