«Мирный» жобасы: TotalEnergies Шу қаласындағы «Самұрық-Қазына» АҚ мен SANY RE ұйымының бірлескен зауытын қуаты 200 МВт болатын жел генераторларын жеткізуші ретінде таңдады

«Мирный» жобасы: TotalEnergies Шу қаласындағы «Самұрық-Қазына» АҚ мен SANY RE ұйымының бірлескен зауытын қуаты 200 МВт болатын жел генераторларын жеткізуші ретінде таңдады

139

03 Қазан 2025

Бүгін Францияның TotalEnergies компаниясы жүзеге асырып жатқан жаңартылатын энергия көздері бойынша қуаты 1 ГВт болатын Қазақстандағы ең ірі «Мирный» жобасы үшін жел генераторларын жеткізушілер анықталды.

Осылайша, «Самұрық-Қазына» мен SANY компаниясы бірлесіп ашқан Шу қаласындағы жаңа зауыт жеткізушілердің бірі болып таңдалды.

«Kazakhstan Energy Week – 2025» аясында SANY RE Shu Industrial Park ұйымы мен TotalEnergies арасында қуаты 200 МВт болатын жел генераторларын жеткізу жөнінде Letter of Award (келісімшартты беру туралы хат) жасалды. Құжатқа қол қою рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.

«Бүгін «Мирный» жобасын іске асырудағы маңызды кезеңге жеттік – біз SANY компаниясымен ашқан Шу қаласындағы жаңа зауыттан қуаты 200 МВт болатын жел генераторларын жеткізу жөнінде құжатқа қол қойылды. Зауыттың қуаты – жылына 2 ГВт. Бұл жай ғана өндіріс емес, бұл – Қазақстанның Орталық Азиядағы жасыл энергетика бойынша көшбасшылардың қатарына қосылғанын білдіреді. Сонымен қатар, бұл – жаңа жұмыс орындары, озық технологияларды енгізу және еліміздің экономикасына қызмет ететін индустриялық базаны нығайту деген сөз», – деді Нұрлан Жақыпов салтанатты рәсімде.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 13.31.19 (2).jpeg

Шудағы зауыттың техникалық ашылуы 2 қыркүйекте Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі аясында, Мемлекет басшысы қатысқан телекөпір барысында өтті. Сол уақыттан бері жоғары сапалы өнім шығаруға ниетті отандық кәсіпорынға алғашқы ірі тапсырыс та түсіп үлгерген.

«Мирный» жобасы – Жамбыл облысының Мирный ауылы маңындағы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы. Жобаны Қор тобы («Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз») TotalEnergies компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда.

«Біз «Мирный» жобасының 2028 жылы уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылатынына сенімдіміз. Бұл жоба Қазақстандағы жаңартылатын энергетика тарихындағы ең ірі әрі өңір бойынша ең ауқымды жобалардың бірі болмақ. Оның жүзеге асырылуы еліміздің көміртегі бейтараптығы жөніндегі ұлттық мақсаттарына және «жасыл» экономиканы құруға елеулі үлес қосады», – деді Жақыпов.

WhatsApp Image 2025-10-03 at 13.31.19 (1).jpeg