Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді

54

27 Сәуір 2026

Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің отырысында экономиканы қолдау және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.

Отырыста «Самұрық-Қазына» қорының 2026 жылдың I тоқсанындағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріне назар аударылды. Қор басшысы Нұрлан Жақыпов есепті кезеңде EBITDA көрсеткішінің 32%-ға, ал таза пайданың 93%-ға артқанын хабарлады. Негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар орындалған.

Image - 2026-04-27T141102.149.jpeg

Маңызды оқиғалардың бірі — биыл сәуірде 3 млрд юань көлемінде «Самұрық-Қазынаның» дебюттік панда-облигациялары Қытайдың ішкі нарығына сәтті орналастырылды. Мәміле Қытайдың жетекші институционалдық инвесторларының, халықаралық қаржы, сақтандыру және инвестициялық компанияларының қатысуымен өтті. Орналастыру мерзімі — 3 жыл, облигациялардың кірістілігі — жылдық 2,18%, бұл қарыз алу құнының рекордтық төмен деңгейін және қазақстандық қорға нарықтағы сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Түскен қаражат инвестициялық жобаларды, соның ішінде көлік-логистика және инфрақұрылым, т.б. салаларды дамытуға бағытталмақ.

Сонымен қатар, есепті кезеңде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарында «Тау-Кен Самұрық» АҚ мен Ngali Holdings (Руанда) арасындағы негізгі шарттар туралы келісім (Term Sheet), «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС мен AZCON (Әзербайжан) арасындағы Қазақстан мен Әзербайжан порттарында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жобасы бойынша акционерлік келісім бар.

Image - 2026-04-27T142026.270.jpeg

Президент тапсырмалары аясында экономиканың мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және тау-кен секторларындағы жалпы құны 38,6 трлн теңге болатын 64 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға ерекше назар аударылды. 41 жоба бойынша ЕРС және СМР келісімшарттары жасалған, соның ішінде 33 жоба бойынша құрылыс-орнату жұмыстары басталды. Атап айтқанда, биыл наурызда Жамбыл және Павлодар облыстарында әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын екі ірі жел электр станциясының құрылысы басталды. Бұл жобалар «жасыл» энергетиканы дамытуға және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге бағытталған. Мұнай-химия саласындағы «Бутадиен» жобасы бойынша Sinopec Guangzhou Engineering (ҚХР) компаниясымен EPC-келісімшарт жасалды, жұмыстар биыл мамырда басталуы тиіс. Тағы 6 инвестициялық жоба жобалау кезеңінде, 17 жоба — инвестиция алдындағы сатыда.

Сонымен қатар, «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық құбырының екінші желісін және Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын салу мәселелері қаралды. Жоба аясында көмірсутек шикізатын терең өңдеу саласындағы ірі өндірістер үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген. «Тау-Кен Самұрық» компаниясының жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып геологиялық барлау саласындағы жобасының да Қазақстан өнеркәсібі мен экономикасы үшін маңызы зор.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов қор басшылығына барлық жобалар бойынша бақылауды күшейтіп, оларды іске асыру барысында тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды.