Дербес қорлар енді жай ғана инвестор емес, жаһандық тұрақты трансформацияның толыққанды қатысушыларына айналды

Дербес қорлар енді жай ғана инвестор емес, жаһандық тұрақты трансформацияның толыққанды қатысушыларына айналды

52

29 Мамыр 2026

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Астанада өткен «Еуразиядағы тұрақты даму» атты жоғары деңгейдегі екінші халықаралық конференцияда мәлімдеді.

Ол тұрақты даму қағидалары «Самұрық-Қазына» стратегиясының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

Қор активтері 88 млрд АҚШ долларынан асады, ал компаниялар тобында 250 мыңнан астам адам еңбек етеді. Қор энергетика, көлік, мұнай-газ саласы және телекоммуникация бағыттарында жалпы құны 100 млрд АҚШ долларынан асатын 120-дан астам жобаны жүзеге асырып жатыр.

Image (3).jpeg

Негізгі бағыттардың қатарында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, қуаты 6 ГВт-тан асатын жасыл энергетика жобалары, сондай-ақ AI-инфрақұрылымды қалыптастыру жобалары бар. Сонымен қатар, халықаралық цифрлық дәліздерді дамытуға және Еуразия өңірлері арасындағы трансшекаралық деректер алмасуды күшейтуге бағытталған бастамалар іске асырылып жатыр.

Адам капиталын дамыту – басым бағыттардың бірі. Қордың әлеуметтік бағдарламалары аясында жыл сайын бір миллионнан астам адам көмекпен қамтылады.

«Бүгінде тұрақты даму – жай ғана халықаралық күн тәртібі емес. Бұл – экономика тұрақтылығының, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің және болашақ ұрпақтың өмір сапасының мәселесі», – деді Нұрлан Жақыпов.