Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді
40
30 Маусым 2026
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиында Қордың биылғы жылдың бес айындағы қызметінің қорытындылары мен негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов есепті кезеңнің қорытындысы бойынша негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің орындалғанын баяндады.
2022–2025 жылдары Қор жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 35-тен астам инвестициялық жобаны аяқтады. Нәтижесінде жаңа энергетикалық қуаттар мен электр желісі инфрақұрылымының нысандары пайдалануға берілді, мұнай-газ саласының нысандары жаңғыртылды, теміржол желілері мен контейнерлік хабтарды қоса алғанда, көлік инфрақұрылымы кеңейтілді. Сондай-ақ, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және өңірлерді газдандыру жобалары жүзеге асырылды.
2026 жылы жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 16 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр.
Көлік саласында бұл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерінің құрылысы, Алтынкөл – Жетіген және Бейнеу – Маңғыстау учаскелерін жаңғырту, Достық – Алашанькоу учаскесінде екінші жолдарды салу, сондай-ақ теміржол учаскелерінде автобұғаттау жүйесін енгізу.
Мұнай-газ және энергетика салаларында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауытының, Air Liquide Munay Tech Gases компаниясымен бірлесіп іске асырылып жатқан Павлодар мұнай-химия зауытындағы сутегі өндіру қондырғысының, Алматы ЖЭО-2-нің, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының, сондай-ақ ENI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан гибридті электр станциясының құрылысын аяқтау көзделген.
Сонымен қатар, Қосшы қаласында деректерді өңдеу орталығының құрылысын аяқтау және Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланып отыр.
Отырыста Қордың ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасын іске асыру жоспарлары да қаралды. 2027–2029 жылдары жалпы құны 21 трлн теңге болатын 36 инвестициялық жобаны аяқтау көзделген. Олар жаңа энергетикалық нысандардың, оның ішінде жылу электр орталықтары мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалардың құрылысын, электр желісі инфрақұрылымын дамытуды, мұнай-газ және мұнай-газ химиясы салаларындағы ірі жобаларды іске асыруды, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын салуды, 5G желісін, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды және Деректерді өңдеу орталықтары алқабын құруды қамтиды.
Сонымен қатар, цифрландыру саласындағы жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. Биыл қазанда Қосшы қаласында жаңа суперкомпьютер кластерін іске қосу жоспарланған. Бұл Қордың есептеу қуатын шамамен төрт есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қор компаниялары тобында бизнес-процестерді автоматтандыру және еңбек өнімділігін арттыру үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, бағдарламалау дағдыларынсыз жасанды интеллектінің көмегімен қызметкерлердің цифрлық шешімдер әзірлеуіне мүмкіндік беретін вайбкодинг бағыты дамып жатыр. Бұл жұмыс процестерінің бір бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр «Самұрық-Қазына» басшылығына инвестициялық жобалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді, олардың мерзімдерінің сақталуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде тауарлардағы, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
{{ $t('messages.news1') }}
Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы ...
{{ $t('messages.news1') }}
Президенттің Брюссельге сапары: «Самұрық-Қазына» халықаралық серіктест...
{{ $t('messages.news1') }}
Air Astana мен Airbus әуе кемелерін сатып алу бойынша тікелей тапсырыс...
{{ $t('messages.news1') }}
«Самұрық-Қазына» басшысы Mediterranean Shipping Company (MSC) басшылығ...