«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Польшада Қор активтерін жекешелендіру бағдарламасын таныстырды

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Польшада Қор активтерін жекешелендіру бағдарламасын таныстырды

478

24 Тамыз 2016

«Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі – Қор) басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Қазақстан Республикасы Президентінің Польшаға мемлекеттік сапары аясында, Варшава қаласында өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумында Қор активтерін жекешелендіру бағдарламасын таныстырды.
Ө.Шөкеев Қазақстан экономикасының тиімділігін арттыруды мақсат етіп отырған, 2016-2020 жылдардағы Қор активтерін жекешелендіру бағдарламасы туралы кеңінен әңгімеледі. Бағдарлама аясында Қор компаниясындағы 216 активті, 2 тізімге бөліп, бәсекелестік ортаға беру қарастырылған.

«Қазіргі уақытта жекешелендіру бағдарламасы іске қосылып, белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Біз Қорда ашықтық пен инвесторлар құқының теңдігі идеологиясын ұстанамыз, - деп атап өтті Қордың басқарма төрағасы. – Сонымен қоса әр тізім үшін активтерді сатудың өзіндік қағидаттары таңдалған. Мәселен, 1 топтағы активтерді сату кезінде біз шешімдердің сапалы, мұқият қабылдануына басымдық береміз. Оларды бәсекелестік ортаға шығару үшін алдын ала дайындық жасалады әрі IPO сатудың ыңғайлы түрі ретінде қарастырылады. Шетелдік алаңдарға қосымша листинг жасау мүмкіндігі ескеріле отырып,  негізгі сату алаңы ретінде Астана халықаралық қаржы орталығы қарастырылады. Барлық инвесторлар үшін тең құқылы жағдай жасалған».

Сонымен бірге, Ө.Шөкеев Польша даму қорының басқарма төрағасы Павел Борыспен кездесіп, өзара ынтымақтастық мәслелерін талқылады.

Анықтама: «Самұрық-Қазына» АҚ 2016-2020 жылдардағы кешенді жекешелендіру жоспары аясында 216 актив бәскелестік ортаға шығарылады және олар 2 тізімге бөлінген.

Бірінші тізімде 44 ірі актив бар, оның жетеуі IPO-ға шығарылады: «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго», «Қазатомпром», «Қазпочта», «ҚазМұнайГаз», «Тау-Кен Самұрық», «Эйр Астана». Қалған 37 активті сату 2016 жылы басталды және бұл үдеріс 2018 жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Екінші тізімге 172 компания енгізілген. Оларды жеке секторға беру үдерісі негізінен электрондық аукцион арқылы жүргізіледі.