«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жекешелендіру жоспары аясында 10 компанияны аукционға шығармақ

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жекешелендіру жоспары аясында 10 компанияны аукционға шығармақ

428

26 Мамыр 2016

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы шілде айының соңына дейін өзінің 10 компаниядағы түрлі үлестерін электронды аукционға шығарады. Үлестерді сату Қазақстан Үкіметімен бекітілген 2016-2020 жылғы Кешенді жекешелендіру жоспарын орындау шеңберінде көзделуде.   

«Қазақстан Үкіметі жанындағы экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия «Самұрық-Қазына» тобындағы 10 компанияның түрлі үлестерін сатуға рұқсат берді. Шілде айының соңына дейін «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ 5 активі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 3 активі, «Самұрық-Энерго» АҚ 2 активі бойынша аукциондарды өткізу жоспарланған», - деп хабарлады «Самұрық-Қазына» АҚ активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі Берік Бейсенғалиев Астаналық экономикалық форум аясында өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кеткенде, мемлекеттік комиссия таяу уақытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тиесілі «Еуро-Азия Эйр» Әуекомпаниясы» АҚ 100% акцияларын ашық екі кезеңді конкурс арқылы сату туралы келісімін берді.

«Самұрық-Қазына» АҚ компанияларын жекешелендіру шеңберіндегі тәсілдер туралы баяндаған кезде Б.Бейсенғалиев Қордың мемлекет пен әлеуетті инвестор мүдделерінің теңдігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Оның айтуынша, ірі компанияларды жекешелендіру барысында Қор олардың қызмет бейінін, жұмыс орындарын, ұжымдық келісімшарттардың шарттарын, және сатылатын компанияны дамыту жөніндегі бизнес-жоспарларды сақтап қалуын талап етуге құқылы. Аталған мәселелер сату туралы келісімдерде ескеріледі және оларды бұзған жағдайда Қор компаниялары инвесторлармен мәмілелерді бұза алады. «Жалпы жекешелендірудің нормативтік-құқықтық негізі, соның ішінде Қор компанияларын сату ережелері әлеуетті инвесторлар үшін тартымды. Алайда, олар тек адал ниетті инвесторларды қорғауға арналған», - деді Б.Бейсенғалиев.        

Бұған қоса Қордың активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі «Самұрық-Қазына» тобының активтеріне инвесторлар тарапынан қызығушылықтың жоғары болатынына сенімді. «Қор тобының активтеріне біздің бірлескен кәсіпорындар бойынша серіктестеріміз де, Еуропа, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерінің стратегиялық инвесторлары да қызығушылық танытуда. Шетелдік және қазақстандық компаниялар үшін сауда-саттықтың барлығы тең дәрежеде қолжетімді болмақ. Әлеуметтік немесе стратегиялық маңызы бар активтерді сату кезінде біз оларды бірлескен кәсіпорындарға беруге мүдделіміз», - деп мәлім етті Б.Бейсенғалиев.

Осыған дейін хабарланғандай, Қазақстан Үкіметі 2015 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік активтерді жекешелендіруді бойынша жаңа жоспарды қабылдады, бұл жоспарға сәйкес  мемлекеттік үлесі бар компанияларды жарым-жарты немесе толықтай сату көзделген. 2016-2020 жылдарға арналған жоспар Қазақстандағы 783 компанияны жекешелендіруді қарастырады, оның ішінде 217 компания «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына тиесілі.

Қор компаниялары тобының активтері өз кезегінде 2 тізімге бөлінеді. Бірінші тізімге 44 ірі актив енеді, оның 7-і («Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазпошта», «ҚазМұнайГаз», «Тау-Кен Самұрық», «Эйр Астана») 2018-2020 жылдары IPO-ға шығарылады. Бірінші тізімдегі қалған 37 активті сату биыл басталып, 2018 жылдың аяғына дейін жалғасады. Екінші тізім айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық маңызы жоқ 173 ірі емес компанияны қамтиды.  Олар негізінен электронды аукцион арқылы 2017 жылдың соңына дейін сатылуы тиіс.