«Самұрық-Қазына» АҚ, қаржы есебінің халықаралық стандарттарына сәйкес, 2015 жылғы жиынтық қаржы есебін және 2016-2020 жылдардағы даму жоспарын жария етті.
Мәлімет бойынша Қордың жиынтық таза табысы 304,8 млрд теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 30%-ға өскен.
«Табыстың өсіміне негізінен бағам айырмашылығы оң әсер етті. Ал, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі бірлескен компаниялардағы табыс үлесінің азаюына әкеліп соқтырса, Қытай мен Ресей экономикасы өсімінің тежелуі жекелеген сала қызметтеріне зиянын тигізіп, жиынтық таза табысқа да теріс ықпал етті», - деп мәлімдеді Қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директор-Басқарма мүшесі Елена Бахмутова.
Операциялық EBITDA 638,9 млрд теңге, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 35%-ға төмен және әлемдік нарықтағы мұнай бағасының 47%-ға төмендеп кеткендігімен байланысты болып отыр. Мұнай баррелінің орташа бағасы 2014 жылы $99, 2015 жылы $52 болғаны белгілі.
«Қарыз/EBITDA» көрсеткіші 4,93, өткен жылмен салыстырғанда 12,3% өскен, өткен жылы бұл көрсеткіш 4,39 болған. «Бұл негізінен теңгенің айтарлықтай девальвацияға түсуіне байланысты, осының салдарынан Қордың жиынтық қарызы артып отыр», - деді Е.Бахмутова.
Қор менеджменті 2016 жыл экономикалық тұрғыда күрделі болатынын болжайды, десе де бұл жылды да табыспен аяқтауды көздеп отыр.
«2016-2020 жылдары Қор сұраныстың азаюы, шикізатқа бағаның төмендеуі, қоржындар деңгейіндегі қарыз салмағының артуы салдарынан ауыр экономикалық жағдайда жұмыс істейді. Алайда, осы күрделі жағдайға қарамастан, «Самұрық-Қазына» АҚ 2016 жылды 100,8 млрд теңге көлеміндегі таза табыспен аяқтауды жоспарлап отыр. Одан арғы жылдары стратегиялық бастамаларды тиімді жүзеге асыру арқасында Қордың жиынтық таза табысы тұрақты түрде өсетін болады», - деп хабарлады Стратегия және активтер қоржыны жөніндегі басқарушы директор-Басқарма мүшесі Балжит Грюал.
«Табыс пен экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету барысында «Самұрық-Қазына» АҚ дамудың 6 басым бағытына назар аударады. Оның ішінде, Трансформация және жекешелендіру бағдарламасы, жаңа салаларды дамыту үшін инвестициялық қоржынды молайту, қоржын компаниялардың қызметін жақсарту және қаржы тұрақтылығы. Қор қоржын компаниялардың ұзақмерзімді құнын арттыру бағытында тиімді басқаруды жетілдіру ісін басымдыққа алады.
Бұдан өзге Қордың коммерциялық бөлігі қоржын компаниялардың стратегиясы мен басты бағыттарын айқындап, стратегиялық активтерді жекешелендірумен, түскен қаржы көзінен ұлттық экономиканы қайтара инвестициялаумен айналысатын болады.
Сондай-ақ, Қор жаңа, өсіп келе жатқан компанияларға инвестиция салуды жалғастырады. Аталған ұйымдарға 2016 жылы 98 млрд теңге және 2017 жылы 63 млрд теңге салу көзделген. 2016-2020 жылдары жаңа, өсіп келе жатқан компанияларға салынатын жадпы инвестиция көлемі шамамен 215 млрд теңгеге жуықтайды. «2016 жылдан бастап Қор, өзінің инвестициялық қоржынын әртараптандырып, жаңарту мақсатында, белсенді түрде инвестициялық мүмкіндіктер іздеп, жаңа, өсіп келе жатқан компанияларға көмек беретін болады», - деді Балжит Грюал.
Даму жоспарына сәйкес активтер өсімі 2016 жылы 8%, тиісінше 22,5 трлн теңге, 2020 жылға қарай 13%, тиісінше 23,7 трлн теңге болады деп күтілуде.
Тақырып бойынша презентация:
«Самұрық-Қазына» АҚ 2015 жылғы қаржы қызметінің нәтижелері және 2016-2020 жылдардағы Даму жоспары
Ақпарат үшін:
- 2015 жылғы негізгі көрсеткіштер туралы жан-жақты ақпарат Қордың сайтында, қаржы есебі түрінде, тиісті түсініктемелермен қоса жарияланған.
- Даму жоспары – Қор Стратегиясының ортамерзімді дамуы ауқымындағы іс-қимылын айқындайтын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірегей акционер ретіндегі мүдделерін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат. Аталған құжат Қор мен бірегей акционерге түсінікті, ашық іс-шаралар арқылы Стратегияны жүзеге асырады. Құжатты Қордың директорлар кеңесі қарап, бекітеді.