«Самұрық-Қазына» АҚ Трансформация бағдарламасы аясында басқару үлгісін өзгертеді. Бұл туралы Қордың компаниялар тобының трансформацияға арналған жылдық жиналысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Аталған жиында Бағдарламаның алғашқы нәтижелері зерделеніп, 2016 жылғы басым міндеттер айқындалды.
«Қордың коммерциялық бөлігі айтарлықтай күшейтіледі: қызметкерлердің 60 %-ы жаңа салаларды жандандырып, қазіргі стратегиялық активтер қоржынын басқарумен айналысатын болады», - деді ол.
Ө. Шөкеевтің айтуынша, Қордың жаңа қызмет үлгісі үш бағыттан тұрады: коммерциялық қызметтер (қазіргі активтер қоржынын басқару және жаңа компанияларды, индустрияларды дамыту), корпоративтік қызметтер (қаржы, адам ресурстарын басқару, операциялық қолдау) және мониторинг қызметі (жаңа комплеанс қызметін қоса алғанда).
Ө. Шөкеевтің мәліметіне сәйкес, жаңа ұйымдастырушылық құрылымда басқарма төрағасы орынбасарларының позициялары қысқартылып, топ-менеджерлердің саны 16-дан 9 басқарушы директорға дейін азайтылған.
Қызметтің қазіргі бағыттары, қор алдында тұрған пайда түсімін ұлғайту мен салалық қызмет түрлерін жинақтау міндеттері ауқымында қайта топталып, бөлінетін болады. Жаңа ұйымдастырушылық үлгі BCG, Deloitte сарапшыларының қатысуымен, көп салалы холдингтер мен дербес ұлттық әл-ауқат қорларына қолданылатын озық әлемдік тәжірибе негізінде жасалды.
«Осы тұрғыда, Қор болашақта қоржын компаниялардың қызметін үйлестіретін әкімшілік реттеуші емес, өзіндік құнды арттырып, пайда түсімін ұлғайтатын ұйымға айналады. Қор бірінші кезекте коммерциялық ұйым ретінде жұмыс жасайтын болады», - деді Ө.Шөкеев.
Сонымен қоса, жиында Қор мен оның қоржын компанияларын трансформациялаудың алғашқы нәтижелері зерделенді. Мәселен, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ ұңғымаларды іске қосу режимін оңтайландыру, тиімсіз қорларды басқару, бұрғылау мен өзге де шығындарды оңтайландыру бойынша 7 жобаны жемісті жүзеге асырып жатыр. Осы жобалар нәтижесінде өндіру көлемі 31 мың тоннаға өскен, ал жалпы күтіліп отырған қаржылық пайда - 300 млрд. теңге.
Қордың өз ішінде екі мыңдай үдеріс сынға ұшырап, түбегейлі қайта қаралды, қызметтің негізгі түрлерінің жүйесі енгізілді. Қазіргі кезде сатып алудың жаңа тұжырымдамасын бекіту, түрлі деңгейде сату-сатып алу үрдісін жүйелеуді халықаралық компаниялардың тәжірибесіне сүйене отырып енгізу жоспарланып отыр. Жаңа бастама жылына 380 млрд. теңгені үнемдеуге мүмкіндік беретін болады.
Жылдық жиналысқа қазақстандық, халықаралық сарапшылар қатысып, Қор компаниялары тобының трансформациясы жөнінде және одан күтілетін нәтижелер туралы өз ойларымен бөлісті. Жиын ашық, конструктивті пікірталас жағдайында өтті.