Жаңа тәсіл «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы сатып алу жүйесін айтарлықтай оңтайландырады

Жаңа тәсіл «Самұрық-Қазына» компаниялар тобындағы сатып алу жүйесін айтарлықтай оңтайландырады

363

16 Ақпан 2017

2016 жылдың маусым айынан бері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ сатып алудың категориялық тәсілін енгізіп жатыр. «Самұрық-Қазына» АҚ-дағы сатып алудың жаңа үлгісі болып табылатын категориялық басқару бойынша, тауардың, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтердің (ТЖҚ) және оларды пайдалануға байланысты кететін барлық шығындардың жиынтығы жеткізушіні таңдаудың басты өлшемі болмақ.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдайда компанияның операциялық шығындары барынша азаяды. Үнемдеу тиімділігіне компания қызметінде тауарларды пайдалануды оңтайландыру (жоспарлау, қызмет көрсету, қор жинау) арқылы, сыртқы нарықпен – жеткізушімен стратегиялық келісім жасау және белгілі бір өнімге ұзақмерзімді тапсырыс беріп, жергілікті өндірушілерге көмек көрсету арқылы қол жеткізуге болады.

«Біз сұраныс қалай жасалатынын, сатып алу үдерісі қалай жүргізілетінін және өндірісті іске қосу кезінде, мысалы, жөндеу және тұтыну үшін ТЖҚ түрлері бойынша қандай шығындар кететінін мұқият қарастырамыз. Қазіргі уақытта сатып алудың мұндай тәсілі Қазмұнайгаз, Қазатомөнеркәсіп және Қазпоштада енгізіліп жатыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сатып алуды категориялы басқару жалпы шығынның 15-20%-ын үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді, «Самұрық-Қазына» АҚ Трансформация және арнайы жобалар жөніндегі басқарушы директоры Адамас Илькявичюс.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ сатып алуды басқару бойынша менеджері Сүйіндік Ахметовтің айтуынша, пилотты жоба аясында компанияның өндірістік қызметіне қажетті әлеуетті жеткізушілер мен электр энергиясы, жанар-жағармай материалдарының өзіндік құны нақтыланған.

«Сатып алудағы мұндай тәсілдеме біздің компаниялар ғана емес, жеткізушілер үшін де тиімді», - дейді Сүйіндік Ахметов. «Сұраныс көлемінің синергиясы арқасында жеткізуші қомақты тапсырыс алады, жеткізушілер арасында бәсекелестік күшейеді, бұл өз кезегінде өндіретін өнім мен қызметтердің сапасын жетілдіруге де оң ықпалын тигізеді». Мұндай тәсілдеме сатып алудың бизнес қызметін «қолдаушыдан» компанияның табысын ұлғайтатын «стратегиялық» бағытқа ауыстырады.  

Қазатомөнеркәсіп жобаның алғашқы кезеңінің өзінде  310 млн теңге үнемдеп, электр энергиясын сатып алу бағасын 7%-ға төмендеткен. 2017 жылдың аяғына дейін ТЖҚ-ның барлық түрі бойынша 10 категориялық стратегия нақтыланып, олар компанияның 1 млрд теңге көлемінде пайда табуына негіз болады. Жалпы алғанда, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-дағы сатып алуды категориялық басқаруды қолданудың экономикалық тиімділігі 2025 жылға дейін 31 млрд теңге болады деп күтілуде.