«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Қордың қоржындық компанияларында «Цифрлық Жаз 2018» тағылымдама бағдарламасының сұхбаттасу кезеңі басталды

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Қордың қоржындық компанияларында «Цифрлық Жаз 2018» тағылымдама бағдарламасының сұхбаттасу кезеңі басталды

513

03 Шілде 2018

Бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Қордың қоржындық компанияларында «Цифрлық жаз 2018» тағылымдама бағдарламасынының сұхбаттасу кезеңі басталды. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Адам ресурстарын басқару департаменті мен Ақпараттық технологиялар Департаменті мамандары жас IT- мамандарын бағдарлама бойынша әрі қарай оқытуға іріктеп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 6 маусымында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Қоржындық компанияларында «Цифрлық жаз 2018» тағылымдама бағдарламасы басталды. Осы бағдарламаның бірегей ерекшеліктерінің бірі – тағылымдамадан өтуші жастар бәсекелестігі жоғары IТ саласында  құнды тәжірибе мен білім алады,  SAP, Microsoft, Oracle, Cisco, HP, IBM, Huawei компанияларының өнімдерімен жұмыстарын шыңдай алады.

Өтінім 6-30 маусым аралығында қабылданды. Тағылымдаманың өзі 9 шілдеден бастап 7 қыркүйекке дейін Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар, Атырау қалаларында өткізіледі.

Жоғарғы оқу орындарын 2016, 2017 және 2018 жылдары бітірген студенттер «Цифрлық жаз – 2018» бағдарламасына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ресми www.sk.kz сайтына кіріп, өтінім қалдырды. Ақпараттық технологияларға деген қызығушылық және Қор компанияларында ақпараттық технологияларының дамуына үлес қосу бағдарламаның негізгі талабы болып саналады.

Тағылымдамаға қатысу үшін кәсіби тәжірибенің болуы міндетті емес. Ақпараттық жүйелер мен инфрақұрылымды әкімшілендіру, жобалық басқару, бағдарламалау, қосымшалар архитектурасы, ақпараттық қауіпсіздік қағидалары саласында негізгі білім қажет. Бұл тағылымдама төленбейді. Қор тұру және көлік шығындарын өтемейді.

Екі айдың ішінде бұл бағдарлама үлкен сұранысқа ие болды. Өтінім бергендердің саны 2100-ге жетіп, олардың 500-і негізгі IT білімін тексеретін   сынақтан сүрінбей өтті, соның ішінде 72 жас маман тағылымдамаға шақырылады.

Бағдарлама қорытындысы бойынша үздік танылған 33 жас маман келесі компаниялар тобында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болмақ: «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «КОРЭМ» АҚ,  «Qazaq Air» АҚ, «Энергоинформ» АҚ, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС және «Біріккен химиялық компания» ЖШС.