«Соңғы екі жылда Самұрық-Қазына беріктілік Қорын жинақтады» - А. Кравченко

«Соңғы екі жылда Самұрық-Қазына беріктілік Қорын жинақтады» - А. Кравченко

780

19 Наурыз 2020

Барлық әлеммен қатар Қор тобы үшін коронавирус - үлкен қауіптердің бірі. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ құқықтық сүйемелдеу және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Кравченко онлайн тәртіпте өткен брифинг барысында мәлімдеді.

А. Кравченконың айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорының тәуекелдерді басқару жүйесі ішкі және сыртқы ортаның өзгерістеріне жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Себебі жүйеде озық әлемдік тәжірибелер мен барлық қаржылық дағдарыстардың, соның ішінде соңғы 2008 жылғы дағдарыстың тәжірибесін ескерілген.

«Нарықтардағы қазіргі ахуал – экстраординарлық жағдай. Себебі короновирус бойынша пандемияның ықтималдығын алдын ала білу мүмкін емес еді. Бірақ мұнай бағасының және ұлттық валюта бағамының өзгеруі біздің жүйеде ескерілген және компанияларда оларды митигациялау жоспары болды» - деп атап өтті Андрей Кравченко.

Оның айтуынша, Қор өзгерістерді жедел түрде талдауды, ықтимал экономикалық және қаржылық салдарды анықтауды, жоспарлар мен басымдықтарды түзетуді және осы тәуекелді басқарудың шараларын пысықтауды жалғастыруда.

Атап өткен жөн, мұнай бағасы 30% астам деңгейге құлдилады және оның бір баррелі 26,97 долларға бағаланды. Бұл мұнай бағасының соңғы 29 жылдағы ең үлкен төмендеуі болды. Ұлттық валютаның әлемдік резервтік валюталарға қатысты бағамы айтарлықтай әлсіреді.

«Бізде Қордың ДК бекіткен контрагент-банктер бойынша лимит саясаты бар. Қор қаражатты осы саясаттың талаптарына сай келетін банкке ғана орналастыра алады. Егер банк бұл саясатқа сәйкес келмесе, мұндай орналастыру тек ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша жүзеге асуы мүмкін. Саясаттың талаптары Ұлттық Банктің нормативтерін, оның ішінде банктің меншікті капиталының көлемін, активтердің сапасын, өтімділік көрсеткіштерін, рейтингті және т.б. ескереді. Банктерге лимиттерді есептеу ай сайын осы көрсеткіштерді ескере отыра жүргізіледі. Егер банк кейбір көрсеткіштер бойынша позициясын жоғалтса, онда бірден қаражатты алу және қайта бөлу жүргізіледі. Қазіргі уақытта Қор қаражаты орналастырылған барлық банктер Қордың саясатына және Ұлттық Банк талаптарына сәйкес келеді», - деді А. Кравченко.

А.Кравченконың пікірінше, қалыптасқан баға тәуекелі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Тау-Кен Самұрық» ҰТКК» АҚ тәрізді Қордың қоржындық компанияларына тікелей әсер етті. Валюталық тәуекелге ҚТЖ, «Самұрық-Энерго» және «KEGOK» секілді айтарлықтай валюталық кірістері жоқ компаниялар бейім келеді.

2019 жылы Қор тобы ықтимал тәуекелдерді болжап, беріктілік қорын жинақтады, валюталық борышты мерзімінен бұрын өтеу және 8 млрд. долларға төмендету бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл бағам тәуекелінен келуі ықтимал 950 млрд. Теңгекөлеміндегі шығынды болдырмауға мүмкіндік берді.

 Қазіргі уақытта Қор валюталық және баға тәуекелдеріне әрекет ету үшін операциялық және әкімшілік шығындарды қысқарту, күрделі салымдар мен инвестициялық жобаларға арналған шығындарды қайта қарастыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауда. Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілерді сатып алудың жаңа тетіктері арқылы тікелей қолдауды белсендету жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде оффтейк келісім-шарттар бар.

 Атап өткен жөн, Қор тобында 300 мыңнан астам адам еңбек етеді, Бүгінде Қорда және компанияларда төтенше жағдайға байланысты арнайы штабтар құрылған. Қашықтан жұмысқа қызметкерлердің 70 пайызы көшірілді. Олардың арасында үлкен жастағы, созылмалы ауруға шалдыққан адамдар, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі балалары бар және жалғыз балаларды тәрбиелейтін немесе асырауында зейнеткерлер немесе мүмкіндігі шектеулі балалары бар қызметкерлер міндетті түрде бар. Қызметкерлердің іс-сапарлары толық тоқтатылды. Санитарлық-дезинфекциялық тәртіп күшейтілді.

 «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ шекаралық станцияларда жүктерді қабылдауда қауіпсіздік шаралары күшейтілді, жүктерді қабылдаудың және жөнелтудің жаңа механизмі іске қосылды. Пойыздарды дезинфекциялау және жолаушылар мен қызметкерлерді қорғау мақсатында вокзалдарда және жолаушылар пойыздарында арнайы санитарлық өңдеу жұмыстары жүргізілуде, пойыздардың машинистері тепловизорлар арқылы тексеріледі. Компания қажетті қорғау құралдарын сатып алуға 700 млн. теңгеден астам қаржы жұмсады және барлығына ақша толық көлемде ешбір айыппұлсыз қайтарылатынына кепілдік береді.

 «Қазпошта» АҚ қабылдау және өңдеу пункттеріндегі сұрыптаушылары жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Олар маскамен, респираторлармен және перчаткамен жұмыс істейді.

 «Қазақтелеком» АҚ 5000 қазақстандық медбикені тегін мобильді байланыспен және интернетпен қамтамасыз етіп отыр. Шағын және орта бизнес үшін электрондық құжат алмасуда онлайн тәртіпке көшуге мүмкіндік беретін арнайы сервистер ашылған.20 наурыздан бастап абоненттер үшін ешбір қосымша төлемақысыз барлық телеарналарға қолжетімділік қамтамасыз етілген.

«ЭйрАстана» АҚ тұрғындардың қай күні жүгінгеніне қарамастан, билеттердің толық құнын қайтару жұмыстарын жүргізуде. Жағармайға және техникалық қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарды азайту үшін рейстерге жаңа және экономикалық тұрғыда тиімді ұшақтар шығып отыр. Ұшақтар арнайы санитарлық тазалаудан өтеді. Компания қызметкерлерді қолдау үшін 18 наурызда бір айдын жалақысын толық көлемде төледі.