«Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандық ғалымдардың зерттеулері мен әзірлемелеріне қолдау көрсетеді

«Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандық ғалымдардың зерттеулері мен әзірлемелеріне қолдау көрсетеді

752

28 Мамыр 2021

«Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандық ғылыммен серіктестігін кеңейтуде. 28 мамырда Қор кеңсесінде онлайн-форматта ғылыми қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы (ҚазҰЖҒА) Төралқасының отырысы өтті. Қатысушылар отандық ғалымдардың әзірлемелерін енгізу және кеңейту мақсатында бизнес пен ғылымның өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін талқылады.

«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңға сәйкес инновациялық қызметті қолдау, ынталандыру, жаңа технологияларды әзірлеу және енгізу «Самұрық-Қазына» АҚ үшін басты бағыттар болып табылады. Қор қазақстандық ғалымдармен тұрақты серіктестікті дамытуда.

Қор тобының кәсіпорындарында ғылыми қызметті дамыту бойынша өз ұсыныстарын ҚазҰЖҒА бірінші вице-президенті Владимир Школьник ұсынды. ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева заңнамаға енгізілуге жоспарланған өзгерістер және ғылым мен қолданбалы зерттеулерді дамыту бойынша қағидалар туралы баяндама жасады.

«Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арын Орсариев ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциализациялау механизмдеріне тоқталып кетті (ҒТҚН). Осылайша, 2016 жылдан бастап 100-ден астам ғылымды қажетсінетін өндіріс іске қосылды, олар сату кезеңінде 9,2 млрд теңге деңгейіне жеткен.

Кездесу соңында «ҚР МШКҚӨ ҰО» РМК бас директоры Әбдірәсіл Жәрменов тау-кен металлургия өнеркәсібі үшін перспективті жобалар туралы айтып өтті.

«Біз қазақстандық ғалымдардың жұмыс нәтижелерін пайдаланудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз, сонымен қатар озық әлемдік тәжірибелерді енгіземіз. Ол үшін Қордың ғылыми-техникалық кеңесі құрылып, қоржын компанияларына практикалық сипаттағы ұсыныстар енгізу туралы нұсқаулар берілді», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Отырыс қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ, ҚазҰЖҒА және Ғылым қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.