Алматы қ. электрэнергетикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі инвестициялық жобалар

Алматы қ. электрэнергетикалық инфрақұрылымын  дамыту жөніндегі инвестициялық жобалар

1016

16 Қыркүйек 2021

Үкімет басшысы Асқар Мамин "Алматы 2-ЖЭО қоршаған ортаға ықпалын барынша азайта отырып, қайта құру" жобасын іске асыру барысымен танысты. 

"Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Премьер-министрге Алматы энергокешенінің нысандарын жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады. 

Бұдан бөлек, Алматыға жұмыс сапары аясында "Самұрық-Қазына" Қорының басшысы көшпелі кеңес өткізіп, онда "Самұрық-Энерго" АҚ басшылығы "Алматы 2-ЖЭО қоршаған ортаға ықпалын барынша азайта отырып, қайта құру" жобасын таныстырды. Алып шаһардың энергокешенін газбен қамту шеңберінде 1-ЖЭО-да қуаттылығы 200-250 МВт бу газ қондырғысын салу арқылы кеңейту және қуаттылығын 450 МВт-қа дейін ұлғайту мақсатында Алматының 3-ЖЭО қайта құру көзделген. Жылыту қазандықтарын газға ауыстырудан бөлек, стансалардың бейімделу тәртібінде жұмыс істеуі Алматы қаласындағы экологиялық ахуалға оң әсерін тигізіп, энергия көп тұтынылатын мезгілде қажетті мөлшерде электрқуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.   

Аталған жобаларды іске асыру атмосфераға зиянды қалдықтардың шығарылуын жылына 50,4 мыңнан 6,7 мың тоннаға дейін төмендету арқылы қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға, сондай-ақ стансалардың жиынтық қуатын 472 МВт-ан - 1300 МВТ-қа дейін ұлғайтуға ықпалын тигізеді. 

Электрэнергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың іске асырылуы талқыланған кеңес барысында электржелілерін салу және қайта құру мәселелері де қаралды. "АЖК" АҚ 2022-2030 ж.ж. кезеңіне құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемін алдын ала белгілеп қойған. Алматы қаласында шамамен 2500 шақырым желілер техникалық талаптарға сай келмейді. Әбден тозығы жетіп, пайдалану мерзімінен әлдеқайда асып түскен. 948 шақырымдық желі 50 жылдан артық уақыт пайдаланылып келеді.     

"Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-на тиесілі 10-6-0,4 кВ кабельдік желілердің жалпы ұзындығы 2020 жылдың соңындағы жағдай бобйынша 5 177,7 шақырым. Соның ішінде 4 709,6 шақырым - Алматы қаласының ішінде және 468,2 шақырым - Алматы облысында.