«Самұрық-Қазына»: Ұлыбританиямен ынтымақтастық тұрақты даму жолында

«Самұрық-Қазына»: Ұлыбританиямен ынтымақтастық тұрақты даму жолында

1135

30 Қазан 2021

Лондон қор биржасының негізінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Инвестициялық форум өтті. "Тұрақты инвестициялардың болашағы. ESG үшін шешуші онжылдық" тақырыбындағы шараға LSE мен ҚР СІМ басшылығы, қазақстандық және британдық іскерлер қоғамдастығының өкілдері қатысты. 

Екі мемлекеттік өкілдері жаңартылатын қуат көздері, сутек энергетикасы, жаңа технологияларды игеру жөніндегі бастамаларды және "жасыл" қаржыландыру мен қазақстан-британ ынтымақтастығын көміртекті азайтып даму жолындағы ынтымақтастық мәселелерін және болашағы зор жобаларды кеңінен талқылады. 

Инвестициялық форум сессияларында ЕДҚҚБ энергетика бөлімінің директоры Аида Ситдикова,  Goldman Sachs басқарушы директоры Раяд Юсуф, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, «FMAP Ltd» Төрағасы, лорд Мод Хоршама сөз сөйледі.  

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Лондон қор биржасының капитал нарықтары жөніндегі Тобының жетекшісі Мюррей Рооспен кездесіп, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын жекешелендіру мысалында Қор мен биржаның тиімді ынтымақтастығын тілге тиек етті. 
Мюррей Роос «Самұрық-Қазына» Қорымен серіктестіктің әлеуеті зор екенін ерекше атап өтті. Әсіресе, 2022 жылға жоспарланған «Эйр Астана» және «ҚазМұнайГаз» компанияларын ІРО-ға шығару аясында мүмкіндіктер көп. 

Сонымен қатар 28 қазанда Лондонда Қазақстан-Британия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы өтті. Бұл құрылымға "Самұрық-Қазына" Қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен Ұлыбританияның Қазақстандағы Сауда елшісі баронесса Эмма Николсон тең-төрағалық етеді.

Шара Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруіне арналған Конференциясының 26-шы сессия қарсаңында өтіп, отырыста қаралған басты тақырыптардың бірі - тұрақты даму мен көміртек бейтараптығына қол жеткізу және таза технологияларды дамтыу мен оған инвестиция тарту мәселесіне арналды.

WhatsApp Image 2021-10-31 at 08.44.39.jpeg

 «Біз қазір екіжақты серіктестіктің жаңа дәуіріне аяқ бастық. 30 жылда олар өз құндылығын дәлелдей алды. Стратегиялық инвестиция мен ынтымақтастық арқасында Қазақстанның тұрақты дамуы қамтамасыз етілді. Біз бұл жетістіктерді ерекше атап өтіп, Қазақстанды осы мерейтоймен құттықтаймыз", деді британ елшісі. Баронесса Эмма Николсон Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы іске асырып жатқан шараларын жоғары бағалап, 2060 жылға дейін ел көміртек шығындыларын жоюды мақсат еткенін тілге тиек етті.

Алмасадам Сәтқалиев атап өткеніндей, "Самұрық-Қазына", экономиканың түрлі салаларындағы мемлекеттік активтерді басқара отырып, декарбонизацияға сүбелі үлесін қоспақ. Алдағы онжылдықта компаниялар тобы көміртек ізін 10% азайтуды көздеп отыр. «Қордың тұрақтылығы алға қойған мақсаттар мен бастамаларды іске асыру үшін қажет. Дүниежүзін шарпыған эпидемиологиялық және экономикалық дағдарысқа қарамастан, "Самұрық-Қазына" өсім деңгейін сақтап қалды. болжам бойынша, Қор құрамындағы активтердің құны 2,8 миллиард АҚШ долларыға қымбаттап, 2021 жылдың соңына дейін 67,4 миллиард АҚШ долларына дейін жетеді", деді А. Сәтқалиев. 

Іскерлік кеңес аясында "Самұрық-Қазына" АҚ мен "ARQ" компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Оның басшысы Джулиана МакИнтайер мәлімдегеніндей, британдық инвесторлар Қазақстан аумағында көмір өндіру қалдықтарын қайта өңдеп, кемелерге арналған экологиялық таза отын өндіретін кәсіпорын құрылысын жүргізуге қызығушылық танытып отыр. 

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов климаттың өзгеруіне қатысты тақырып, болашақ серіктестіктің жаңа бағыттарына негіз болып, 4-ші қарашада Нұр-Сұлтанда өтетін сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі  Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысында кеңінен талқыланбақ.