«Самұрық Қазына» АҚ, «РОСНАНО» басқарушы компаниясы» және «Синтез-Капитал» химиялық жобаларға ₽ 14 млрд көлемінде инвестиция құюды көздеп отыр

«Самұрық Қазына» АҚ, «РОСНАНО» басқарушы компаниясы» және «Синтез-Капитал» химиялық жобаларға ₽ 14 млрд көлемінде инвестиция құюды көздеп отыр

386

19 Қаңтар 2022

«Самұрық-Қазына» Қоры ресейлік «РОСНАНО» БК» ЖШҚ және «Синтез-Капитал» ЖШҚ мен Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы аумағында химиялық жобаларды бірлесе іске асыруға арналған платформаны құруға шамамен ₽ 14 млрд көлемінде ортақ инвестиция құю туралы Келісімге қол қойды.

Жаңа платформа Қазақстан мен Ресей нарықтарында сұранысқа ие химиялық өнімдер өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді. Екі мемлекетте де мұнай өндірісіне қажетті химия және метилдиэтаноламин (МДЭА) негізіндегі арнайы абсорбенттер шығаратын зауыттар салып, кәсіпорындар ашу көзделіп отыр.

Жоба өнеркәсіп саласында табиғи және технологиялық газдарды ащы қоспалардан тазартуға қажетті МДЭА негізіндегі тиімділігі жоғары сорбенттерге деген ұлғайып келе жатқан сұранысты қамтамасыз етіп, СО2-ні аулау және жою жөніндегі техникалық һәм инвестициялық шешімдер мен инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялар, жекешелендіру және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директор – Басқарма мүшесі Ернар Жанәділ мәлімдегеніндей: «аталған мәміле «РОСНАНО-СИНТЕЗ» Қорымен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа негіз болады. Біз Қазақстан мен Ресей аумағында бірлесіп, ірі химиялық жобаларды іске асыруға және сол арқылы болашағы зор озық технологияларды Қазақстанға әкелуге мүдделіміз».   

«Шағын және орта көлемді химиялық өндірістерді дамыту – Қазақстан мен Ресейде де басымдыққа ие бағытқа айналды. Бұл орайда ерекше айта кетерлігі: химия саласы қос мемлекеттің экономикасын өрлетуге ғана емес, жаһандық экономиканы декарбонизациялауға да зор септігін тигізері сөзсіз. Біздің пайымдауымызша, «Самұрық-Қазына» мен «РОСНАНО-СИНТЕЗ» Қорларының өз бастамаларын бірлесе іске асыруы Қазақстан мен Ресейдің серіктестігін одан сайын нығайта түспек», дейді «РОСНАНО» БК инвестициялар жөніндегі басқарушы директор Владимир Коновалов.

«Синтез ОКА» тобының бас директоры Сергей Луговской, өз кезегінде Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының бірқатар басымдықтары айқындалғанын айтты. «Дүниежүзінде декарбонизацияға бағыт алу біздің өнімдер мен технологияларымыз үшін жаңа нарықтарды аша түседі. Қазіргі таңда өндірістік кәсіпорындардың шығындыларынан CO2-ны ажыратып алу технологияларын қазақстандық компаниялармен бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Біз әзірлеген абсорбенттер мен шешімдеріміз синтез-газдан, қосымша газдардан, немесе түтіннен CO2-ны ажыратып алуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, зауыттар көміртек ізін төмендетуге сеп болады», деді ол.       

Сарапшылардың пікірінше, химия саласындағы ынтымақтастықтың бірқатар ұтымды тұстары бар:

-       газды тазарту реагенттеріне деген сұраныстың артуы

-       тиімді дәлелденген технологиялардың қоланылуы

-       шикізатпен қамтамасыз етудің оңтайлы жолы

-       жеткізіп берудің қалыптасқан жүйесі

-       өндірістерді декарбонизациялау аясында өнімдерді қолдану аясының кеңейуі

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Петерборда өткен Халықаралық экономикалық форум-2021 аясында «Самұрық-Қазына» АҚ, «РОСНАНО» Тобы мен «Синтез ОКА» Тобы арасындағы келісімнің негізгі шарттары туралы мәмілеге қол қойылған. Ақтық Келісімнің бекітілуі бірлескен инвестицияларды іске асыру үшін нормативтік базаны қалыптастыруға жол ашады.