«Самұрық-Қазына» мен GE корпорациясы энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

«Самұрық-Қазына» мен GE корпорациясы энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

824

07 Сәуір 2022

«Самұрық-Қазына» АҚ мен General Electric (GE) америкалық корпорациясы Қазақстанда экологияны жақсартуға бағытталған, бірлескен энергетикалық жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қор Басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Ресей мен ТМД-дағы General Electric Президенті Бела Ференцидің кездесуі өтті.

«Самұрық-Қазына» АҚ GE корпорациясын тиімділігі жоғары бу-газ қондырғыларының әлеуетті жеткізушісі ретінде қарастырады. Жабдық Алматыдағы үш ірі ЖЭО-ны газға ауыстыру үшін, сондай-ақ Түркістан облысында қуаты 1000 МВт дейінгі жаңа газ электр станциясын салу үшін қажет. Бұл жобаларды іске асыру көміртек әсерін азайтуға және GE корпорациясының экологиялық технологияларын қолдана отырып, көмірді газға ауыстырудың арқасында қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

«General Electric корпорациясы – Қазақстанның энергетика саласындағы бұрыннан келе жатқан серіктесі. Біз қазір құрып жатқан жаңа Қазақстан зиянды шығарындылар көлемін азайтатын қазіргі заманғы энергия көздеріне үнемі мұқтаж болады. Сондықтан мен GE корпорациясымен ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына кәміл сенемін», - деді кездесу соңында «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы.

Анықтама:

Бүгінгі таңда Қазақстанда электр энергиясының басым бөлігі көмірден алынады. Энергетикада көмірден газға көшу зиянды шығарындыларды: күл мен күйені — 100%, күкірт диоксидін — 99%, көміртегі оксидін — 68%, көміртегі диоксидін — 50%, азот оксидін — 32%-ға дейін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

ҚР Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылға қарай елімізде шамамен 17,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды пайдалануға беру қажет. Олардың үштен бірі (6,5 ГВт) жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) құрауы тиіс.