«Самұрық-Қазына» АҚ халықаралық пошта транзитінде Қазақстанның рөлін күшейтуді қолдайды

«Самұрық-Қазына» АҚ халықаралық пошта транзитінде Қазақстанның рөлін күшейтуді қолдайды

784

12 Сәуір 2022

Қазақстан көрші елдерден қосымша пошта ағындарын тарту арқылы халықаралық пошта транзитіндегі ұстанымын күшейте алады. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазпошта» АҚ және «Почта России» АҚ басшылығының кездесуінде әңгіме қозғалды.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев ресейлік әріптестермен кездесуде кіріспе сөзінде «Почта России» АҚ «Қазпошта» АҚ-ның негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қор «Қазпоштаның» жалғыз акционері ретінде оның жұмысын жіті қадағалап, оның ел ішіндегі және халықаралық аренадағы жетістіктерін қолдайды.

Қазақстанның географиялық жағдайы оның Ресейді Қытаймен, Өзбекстанмен және басқа елдермен байланыстыратын маңызды хаб ретіндегі рөлін айқындады. Өткен жылы осы ынтымақтастық аясында Қазақстан мен Қытай шекарасында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағында пилоттық режимде «Қазпоштаның» транзиттік қоймасы ашылды, сол жерден РФ-ға транзиттік халықаралық пошта жөнелтілімдері жіберілді. Пандемияға байланысты бұл жөнелтімдердің көлемі уақытша азайып кетті, бірақ қазір олар қалпына келтірілуде. 

«Біз транзиттік қойма арқылы Ресейге халықаралық транзиттік пошта жөнелтілімдерінің көлемін ұлғайтамыз деген ойдамыз. Ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға және көрші елдерден қосымша пошта ағындарын тарту үшін мемлекетіміздің зор транзиттік әлеуетін пайдалануға дайынбыз», - деді «Самұрық-Қазынаның» басшысы. 

Кездесуге қатысқан «Почты России» акционерлік қоғамының бас директоры Максим Акимов пен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Серік Саудабаев екіжақты диалогтың өзара тиімді әрі мазмұнды өткенін атап өтті. 

Анықтама үшін:

«Қазпошта» АҚ мен «Почты России» АҚ арасында бұрыннан орнаған тиімді әріптестік байланыс бар. 2013 жылдан бері компаниялар халықаралық пошта сәлемдемелерін шарт бойынша төлеммен алмасу, ал 2021 жылдан бастап интернет-дүкендердің тауарларымен сәлемдемелер алмасу арқылы ынтымақтастық жасайды.

Пошта жөнелтілімдерімен алмасу әуе көлігімен (Алматы мен Нұр-Сұлтаннан қалаларынан Мәскеу мен Санкт-Петербургке тікелей рейстермен), сондай-ақ Алматыдан Екатеринбургке және Ақтөбеден Орынборға жерүсті көлігімен де жүргізіледі.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Ресейге жіберілген хаттар, сәлемдемелер мен ЕМС-жөнелтімдер саны 14%-ға, Ресейден Қазақстанға жөнелтімдер саны - 21%-ға өсті.