«Самұрық-Қазына» қоры «Vision Zero» нөлдік жарақаттану концепциясына қосылды

«Самұрық-Қазына» қоры «Vision Zero» нөлдік жарақаттану концепциясына қосылды

901

26 Мамыр 2022

Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы (ISSA) өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Қор «Vision Zero» тұжырымдамасының қатысушысы ретінде тіркелді.

«Vision Zero» әлемдік концепциясы нөлдік жарақаттанушылыққа қол жеткізуге бағытталған және үш бағытты қамтиды: қауіпсіздік, еңбек гигиенасы және өндірістің барлық деңгейлерінде жұмыскерлердің әл-ауқатын қамтамасыз ету. Бұл концепцияның негізгі идеясы – өндірістегі жазатайым оқиғалар себепсіз болмайды. Белсенді түрде алдын-алу мәдениетін қалыптастырудың арқасында, осы себептерді жоюға болады, ал олардан туындаған өндірістік жазатайым оқиғалардың, жарақаттар мен кәсіби аурулардың алдын алуға болады. 

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында 2022 жыл – Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы болып жарияланды. Қор және оның портфельдік компаниялары «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша жарақаттанушылықты төмендетуге, дербес қауіпсіздікті және апатсыз өндірісті қамтамасыз ету жұмысын жетілдіруге, қауіпсіз еңбек туралы хабардар болуды және мәдениетті арттыруға, сондай-ақ осы салада үздік әлемдік практикаларды енгізуге ұмтылады. Холдинг компанияларында HSE (Health, Safety, Environment) процестерін цифрландыру және персоналдың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы үш жылда Қор компанияларындағы өндірістік жарақаттар саны 35%-ға азайды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында «Vision Zero» тұжырымдамасына 300-ден астам кәсіпорын, оның ішінде Қордың портфельдік компаниялары: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қосылды.