«Самұрық-Қазына» қоры қоғамға Төмен көміртекті даму тұжырымдамасын ұсынды

«Самұрық-Қазына» қоры қоғамға Төмен көміртекті даму тұжырымдамасын ұсынды

4303

12 Желтоқсан 2022

Бүгін «Самұрық-Қазына қорында Болат Жәмішевтің төрағалығымен Қордың Қоғамдық кеңесінің ашық отырысы өтті. Басқарушы директор Ернат Бердіғұлов сарапшыларға, бейінді қауымдастықтарға, БАҚ-қа және қоғамға Қордың төмен көміртекті даму тұжырымдамасын таныстырды.

«Самұрық-Қазына» қорының 2032 жылға дейінгі стратегиялық мақсаты – көміртегі әсерін 2021 жылмен салыстырғанда 10%-ға төмендету. Ұзақ мерзімді мақсат – Қор мен портфельдік компаниялардың 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі. Тұжырымдама Төмен көміртекті бизнес-модельге көшу жоспарын қамтиды. Онда нақты инфрақұрылымдық жобалар, баламалы энергетика және технологиялар саласындағы үздік тәжірибелер мен технологиялық шешімдер келтірілген. Тұжырымдама планетадағы температураның жоғарылауын болдырмауға бағытталған әлемдік трендке сәйкес келеді және Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуіне үлес қосады. Тамыз айында Тұжырымдаманы «Самұрық-Қазына» қорының Директорлар кеңесі бекітті.

Қор тобының көміртегі әсері есептелді

Қор жаһандық қауымдастықтың климаттың өзгеруіне қатысты алаңдаушылығымен бөліседі және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерді қолдайды. Ол үшін «Самұрық-Қазына» қоры 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қор компаниялары тобының көміртегі әсерін анықтады. Ол 57,8 млн. тонна СО2 құрады. Оның ішінде 47 млн т. - СО2 тікелей шығарындылары, 10,8 млн т. – жанама шығарындылар (яғни Қор сатып алатын электр энергиясын өндіруден). Портфельдік компаниялардың СО2 тікелей шығарындыларының жалпыхалықтық компанияларға қосқан үлесі шамамен 13,3% құрайды. 

Қор кәсіпорындарының ішінде СО2 тікелей шығарындыларының көпшілігі «Самұрық-Энергоға» (70%) тиесілі, оның қызметі негізінен көмір электр станцияларында электр энергиясын өндіруне байланысты (86%). Мұнай-газ саласының СО2 тікелей шығарындыларының үлесі («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және QazaqGaz) - 22%, олардың қызметі қазба отын түрлеріне де бағытталған. Қордың барлық басқа компанияларына 8%-дан азы келеді.

Көмір мен мұнайдан бас тарту экономиканың құлдырауына әкеледі

Ернат Бердіғұловтың айтуынша, Қазақстанға көміртексіздендіруге арналған жалпы әлемдік трендті ұстану оңай емес. Біздің еліміздің экономикасы – әлемдегі ең энергияны және көміртекті көп қажет ететін экономикалардың бірі болып табылады, өйткені көмір генерациясы энергияның негізгі көзі болып қала береді. ЖЭК-ке жылдам көшу энергетикалық қауіпсіздіктің жүйелік проблемаларына әкелуі мүмкін.

Халықаралық ұйымдар көмірсутекті энергия тасымалдаушылардан бас тартуды талап етеді, өйткені оларды жағу кезінде «парниктік» әсер ететін және климаттың өзгеруіне ықпал ететін газдар пайда болады. Бірақ Қазақстанда көмір мен мұнайдан күрт бас тарту бүкіл экономиканың күйреуіне әкеп соқтырар еді. Мысалы, көмір саласына бүкіл ел бойынша 5 моноқала мен 40 мың жұмысшы тәуелді.

Сондықтан «Самұрық-Қазына» қоры көміртексіздендіру жолында дәстүрлі энергия тасымалдаушылардан бас тартпай,  төмен көміртекті технологияларға жоспарлы әрі ақылға сала отырып, көшуге бағытталады. 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікке негізделуі керек. Сондықтан Қазақстан экономикасын көмірге тәуелділіктен кезең-кезеңімен шығару кезінде баламалы энергетика, атап айтқанда, атом энергетикасы шешуші рөл атқарады.

Жаңа АЭС және көлікті электрлендіру қажет

Қор 2032 жылға дейінгі үш даму сценарийі және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу перспективасы бойынша парниктік газдар шығарындыларын модельдеді. Олардың ішіндегі ең оптимисті («Терең көміртексіздендіру») СО2 шығарындыларын 2021 жылғы деңгейден 10%-ға төмендетеді. Ол АЭС-ті жедел енгізу арқылы біршама жылдам энергетикалық ауысуды (2032 жылы бірінші блок), ЖЭК пен ГЭС үлесінің 30%-ға дейін өсуін, автокөлікті электрлендіру деңгейін 19%-ға дейін және баламалы көздерден алынатын электр энергиясын 45%-ға дейін сатып алуды көздейді.

«Көміртексіздендіру-ұстау» бейтарап сценарийі шығарындылардың 2021 жылғы деңгейде сақталуына әкеледі, ал «Бизнес әдеттегідей» (АЭС пен көлікті электрлендірмей) сценарийі олардың 19% өсуіне әкеледі.

Қоғамның пікірі

Бүгінгі отырысқа белгілі қазақстандық саясаткерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина Екібастұздағы «жасыл» деп атауға болмайтын, жаңа көмір энергоблоктарына қаражатты қалай тарту жоспарланғанын сұрады. Ернат Бердіғұлов «Самұрық-Қазына» қорының Қытайдан келген инвесторлармен МАЭС-2-де жаңа блок салуға уағдаластықтары бар екенін айтты. Басқа жобалар бойынша қазақстандық банктермен келіссөздер жүргізілуде.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева Қордың зиянды шығарындыларды есептеу кезінде қандай әдіснаманы қолданғанын сұрады. Ернат Бердіғұлов шығарындылардың басым бөлігі (40 млн т) - квоталанады, яғни олар үшін «Самұрық-Қазына» корының компаниялары мемлекет алдында есеп береді деп жауап берді. Ол 2023 жылы деректер қайтадан тексеріледі деп уәде берді.

«Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының басшысы Бақыт Есекина ұсынылған тұжырымдаманы «серпінді құжат» деп атады. Ол Қазақстанда геотермалдық энергияны пайдалану жоспарланып отыр ма деп сұрады. Оның ең үлкен қоры Шымкент, Қызылорда, Тараз маңындағы бор түзілімдерінен табылды. Ернат Бердіғұлов «Самұрық-Қазына» қоры елімізде энергетиканың барлық түрлерін дамытуға ниетті екенін білдірді. Геотермалдық жобалар «Самұрық-Энерго»-мен бірге пысықталуда.

Экология саласында бірыңғай мемлекеттік саясат қажет

Қоғамдық кеңестің басшысы Болат Жәмішев Қазақстанның көміртексіздендіру жолында төмен көміртекті дамудың жалпыұлттық стратегиясы жетіспейтінін қорытындылап айтты. Осы орайда ұсынылған «Самұрық-Қазына» қорының тұжырымдамасы толық емес болып көрінеді, себебі Қорға елдік шығарындылардың тек 13,4%-ы ғана тиесілі. Орман отырғызу сияқты көптеген экологиялық бастамалар өтелмейді, сондықтан бизнестен емес, бюджеттен қаржыландырылуы керек.

«Самұрық-Қазына» қорының өзінің ESG-тұжырымдамасы болғаны керемет. Бірақ ол бірыңғай ұлттық стратегия шеңберінде ғана тиімді болады. Мұның болмауы Қор тұжырымдамасының тиімділігін айтарлықтай төмендетеді. Егер Қазақстанда көмір генерациясы одан әрі ұлғаятын болса және атом электр станциясы болмаса, шығарындылар тек өсе береді. Бірыңғай ұлттық стратегия шеңберінде, «Самұрық-Қазына» қоры ғана емес, оның ішінде жеке компаниялардың инвестицияларын ынталандыратын тетіктер болуы тиіс, - деп түйіндеді Болат Жәмішев.