Қазақстанда су тасқынының салдарын жою: «Самұрық-Қазына» тобының компаниялары көмек көрсетуде

Қазақстанда су тасқынының салдарын жою: «Самұрық-Қазына» тобының компаниялары көмек көрсетуде

670

04 Сәуір 2024

«Самұрық-Қазына» АҚ табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңірлерге қаржылай көмек бөледі.

Қаражат «Samruk-Kazyna Trust» бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы жолданады.

Материалдық көмектен бөлек «Самұрық-Қазына» құрамына қарайтын портфельдік компаниялар мен еншілес ұйымдар жергілікті жерлерде әкімдіктермен және ТЖД-мен бірлесіп, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, техникалар ұсынуға, нысандар мен тұрғын үйлердің бүлінген инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектесуде.

Топ қызметкерлері де өз еркімен қаражат жинап, гуманитарлық көмектер ұйымдастыруда.


«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ:

Батыс Қазақстан облысында орналасқан «ҚМГ» АҚ үлесі бар еншілес ұйымдар мен компаниялар су тасқыны салдарын жоюға белсенді қатысуда. Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. компаниясы Бөрлі ауданы әкімдігінің сұратқан қажетті техникаларын ұсынды, ал «Орал Ойл энд Газ» ЖШС (ҚМГ үлесі 50%) Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Январцево кентінде су тасқынына қарсы шараларды өткізу үшін арнайы алты техника бөлді.

Компания 4 самосвал, 1 тиегіш және 1 экскаватор ұсынды. Компания ұжымы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде Қорға қаражат жіберу туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар Атырау жастары, оның ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ компанияларының жас мамандары Ақтөбе, Арқалық облыстарында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жолдады. Олар зардап шеккен қала тұрғындарына азық-түлік пен тұрмыстық заттарды үлестірді. Еріктілер тобы наурыздың 30-31 күндері аралығында азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді қажетті заттарды жинастырып, сәуірдің 1 күні гуманитарлық көмекті жөнелтуге көмектесті.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Мұғалжар және Алға аудандарына ақшалай көмек көрсетті, ал Компанияның жас мамандар кеңесінің мүшелері зардап шеккен отбасыларға жеке қаражаты есебінен азық-түлік пен тұрмыстық заттарды жіберді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмыскерлері су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына көмек ретінде бір күндік жалақысын аударғалы отыр.

Бұдан бөлек, 150 зауыт жұмыскерінен тұратын жедел штаб пен жұмылдыру тобы құрылды, олар облыстық әкімдікпен бекітілген аумақта су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысатын болады.

«АМӨЗ» ЖШС арнайы техникалар жұмылдыруға және халықты эвакуациялау үшін құралдар мен көліктер ұсынуға дайын.

4 сәуірде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ АМӨЗ арқылы Жылыой ауданына 20 тонна дизель отынын жіберді. Сондай-ақ, АМӨЗ Махамбет ауданына ЖЖМ-ді сақтауға арналған сыйымдылықтар мен жағалауды нығайту жұмыстарына арналған құрал-жабдықтар бөлді.

ҚМГ-ның еншілес кәсіпорындары су тасқынына қарсы күресте көмек көрсетуді жалғастыратын болады.



«Қазақтелеком» АҚ:

«Қазақтелеком» АҚ Қазақстанның бірнеше өңірінде – Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында тасқын судың зардаптарын жоюға қатысуда.

Көктемгі су тасқыны жағдайында телекоммуникация құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ адамдарды, телекоммуникация жүйелерінің ғимараттары мен құрылыстарын қорғау жұмыстарын ұйымдастыру үшін компанияның техникалық блогы жедел штабтар құрды. Бөлімшелер арасында байланыс орталықтары ұйымдастырылып, авариялық-қалпына келтіру байланыс командалары құрылды.

«Қазақтелеком» АҚ ТЖД және жергілікті әкімдіктерімен бірлесіп, тәулік бойы тасқын судың салдарын жою бойынша жұмыс жүргізуде. Компания аймақтарда дизельдік генераторларды жеткізу және іске қосу жұмыстарын ұйымдастырды. Сондай-ақ, жергілікті билікке су тасқыны аймақтарындағы үйінділерді бөлшектеу үшін ауыр техника бөлді.

Қызметкерлер тасқын судың салдарынан зақымдалған жабдықтардың ақауларын тез арада жоюда.

Қостанай облысының оңтүстік бөлігіндегі ауылдарда «Қазақтелеком» техникалық персоналының тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды және байланыс объектілерін электрмен қамтамасыз ету үшін дизель-генераторларды қосылды. Телеком-оператордың объектілері мен инфрақұрылымына кірген суларды тұрақты айдау жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбе облысында су басқан 67 елді мекенде «Қазақтелеком» жабдығы орнатылған. ҚЖПД қызметкерлерінің күшімен Ақтөбедегі су басқан қоймалардан тауарлық-материалдық құндылықтарды эвакуациялау жүргізілді. Қобда ауданында ұжым «ҚазТрансГаз Аймақ» құтқарушылары мен жұмыскерлеріне кеңсе ғимаратының үшінші қабатын босатып берді.

Өңірлерде компания филиалдарының базасында гуманитарлық көмек жинау пункттері ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, ҚТ су тасқынынан зардап шеккен отандастарды қолдау шараларын пысықтауда: үйлері судың астында қалған және өз елді мекендерінен қауіпсіз жерлерге көшірілген «Қазақтелеком» клиенттеріне ТЖ кезіндегі абоненттік төлемді, берешекті және өсімпұлды есептен шығару туралы шешім қабылданды.

ss2.jpg


«ҚТЖ» ҰК» АҚ:

30 наурызда «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды облысының 250-ге жуық тұрғынын эвакуациялауды ұйымдастырды. Халықты тасымалдауды қамтамасыз ету үшін «Қарағанды-Балқаш-2» бағытындағы № 8801/8802 жолаушылар пойызы екі жаққа да қатынау рейстеріне бекітілді.

Сондай-ақ, «Қарағанды-Балқаш-2» бағытында және кері бағыттағы бір рейс № 605/606 жолаушылар пойыздарына қосымша вагондар бекітілді.

Қосымша маршруттармен бірге шамамен 1000 адам тасымалданды. Су тасқыны салдарынан республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда көлік қатынасы тоқтатылған Ақтөбе облысының елді мекендеріне темір жол арқылы азық-түлік жеткізу ұйымдастырылды. Ақтөбеден Жем станциясына азық-түлікпен үш вагон (80 тонна) жеткізілді. Сондай-ақ, Жем станциясынан ауыр науқастарды пойызбен тегін тасымалдау ұйымдастырылды.

Ақтөбеде жас теміржолшылар мен еріктілер су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесуде: су жолдарын жабу үшін құм толтырылған қапшықтарды жеткізіп, гуманитарлық көмектер таратуда.

Ақмола бөлімшесінің жұмыскерлері селден мен су деңгейінің көтерілуінен зардап шеккен әріптестеріне гуманитарлық көмек пен қолдау көрсетті. Қызметкерлерге су тасқыны салдарынан баспанасыз қалғандар үшін азық-түлік жиынтықтары мен қажетті заттар берілді, сонымен қатар уақытша тұру ұйымдастырылды. Көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.

Темір жолдың барлық бөлімшелері күшейтілген режимдегі жұмысқа ауыстырылды. Айналма жолдар жүргізіліп, су жиналатын орындар анықталды. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін суды бұру бойынша шұғыл шаралар қабылдануда.


QazaqGaz:

QazaqGaz компаниялар тобының жұмыскерлері өңірлерде авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылған. Сонымен қатар, су басу аймақтарында еріктілер топтары құрылды. Белсенділер өз қаражаттарына қажетті азық-түліктер сатып алып, ыстық тамақтар үлестіруде.

Наурыздың 29-30 күндері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе филиалының жұмыскерлері шұғыл қызмет, әскери және полиция қызметкерлеріне 350-ден астам ыстық тамақ жіберді. Шығанақ Берсиев атындағы ауылға 150 порция ыстық тамақ, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті тауарлар жөнелтті.

Сондай-ақ, «QazaqGaz Өнімдері» ЖШС өндірістік филиалдарының 34 техникасы: экскаваторлар, тиегіштер, бульдозерлер, тралдар мен тартқыштар су тасқынына қарсы іс-қимыл жұмыстарына тартылды. Бұдан басқа «QazaqGaz Jastary» жастар ісі жөніндегі кеңесі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік жалақы мөлшерінде қаражат аудару туралы бастама көтерді.

Бұдан басқа «QazaqGaz» ҰК» АҚ су басу өңірлеріндегі газ тарату желілерін өз есебінен қалпына келтіреді. Оның ішінде жеке газ компанияларының балансындағы объектілер де бар.

Бұған дейін QazaqGaz компаниялар тобында көктемгі су тасқыны кезеңінде газ объектілері мен жабдықтарын пайдалануға дайындау шеңберінде іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Атап айтқанда, 1 наурыздан бастап технологиялық құбырлар, агрегаттар, қондырғылар, кран тораптары, ғимараттар мен құрылыстар тіректерінің іргетастарының жай-күйін бақылау жұмыстары жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, су тасқынының ықтимал салдарын жою үшін авариялық бригадалар құрылды, авариялық арнайы техниканың дайындығы және тәулік бойы кезекшілік қамтамасыз етілді.

Газбен жабдықтауға байланысты төтенше жағдайларға жедел назар аудару үшін авариялық-диспетчерлік қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Абоненттер жедел көмек пен кеңес алу үшін 104 нөміріне хабарласа алады.

Өңірлердегі су тасқыны жағдайын қалыпқа келтіргеннен кейін газ беруді қалпына келтіру үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады.


«KEGOC» АҚ

«KEGOC» АҚ энергия объектілеріндегі су тасқынынан туындаған авариялық жағдайларды жоюға белсенді қатысуда.

Мәселен, Қостанай облысында су басу салдарынан «Қостанайюжэлектросервис» КМК теңгеріміндегі «Сарыөзек-Амантоғай-Амангелді», «Амангелді-Торғай» ӘЖ-110 кВ тіректері құлады.

«KEGOC» АҚ «Сарыбай ЖЭТ» филиалы апатты жағдайды жою үшін бригадалық машина, АГП-28 және тоғыз адамнан тұратын бригада бөлді. Құлаған тіректер суда жатыр және уақытша шара ретінде «Сарыөзек-Амангелді» және «Амангелді-Торғай» ӘЖ-110 кВ анкерлік тіректерінің арасына көпір орнатылды. Жангелдин және Амангелді аудандарының тұтынушыларын электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.

Ақтөбе облысында «Энергожүйе» ЖШС балансындағы 110 кВ желілерін жаппай су басты. «KEGOC» АҚ «Ақтөбе ЖЭТ» филиалы арқылы көмек көрсету үшін тартқыш бөлінді. Тасқын судың салдарын жою үшін филиал бригадалық машина, автокран және мұнара, сондай-ақ алты адамнан тұратын бригада бөлетін болады.

Жаңа өмір кентіндегі Батыс Қазақстан АЭК-ке тиесілі 35 кВ қосалқы станциясын су басудың алдын алу үшін Ақтөбе ЖЭТ филиалы арқылы 4 тонна құм жеткізілді.

ТЖ режимін жариялауға байланысты филиал Ойыл ауданы әкімдігінің қызметкерлеріне қуаты 5 кВт болатын 2 дизель-генераторын ұсынды.

Сондай-ақ, филиал қызметкерлері Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғындарына және су тасқыны кезінде зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына көмек көрсетуде.

Алматы ЖЭТ филиалының қызметкерлері Ақтөбе облысының тұрғындарына гуманитарлық көмектер жөнелтуде (азық-түлік, төсек орындар).



«Қазпошта» АҚ

«Қазпошта» АҚ су тасқыны салдарын жоюға және тұрғындарға, сондай-ақ Қоғамның қызметкерлеріне көмек көрсету жұмыстарына белсенді қатысуда.

Қазіргі кезде зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жеткізу үшін Астанадан 3 ауыр жүк көлігі бөлінді.

Астанада гуманитарлық көмекті жинауға, сақтауға және кейін жөнелтуге арналған қойма ұсынылды. Қоғамның жастар кеңесі гуманитарлық көмекті жүктеуге және жөнелтуге көмектесуде.

Бұдан басқа Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдарына аудандар арасында гуманитарлық көмек жеткізу үшін теміржол вагоны мен жеңіл жүк автомобильдері берілді.

Осындай жұмыс Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жүргізілуде.


«Тау-Кен Самұрық» ҰК» АҚ

«ШалқияЦинкЛТД» АҚ жұмыскерлері Қоғамның жас мамандары кеңесінің бастамасымен Ақтөбе облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау пунктіне қажетті тауарларды сатып алу үшін қаражат жинады.

Жиналған қаражатқа гуманитарлық жинақтар сатып алынды. Көмек көрсету пунктіне көрпелер, жастықтар, резеңке етіктер, күректер, қолғаптар және басқа да қажетті заттар тапсырылды.


«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 

Қазатомөнеркәсіптің өндірістік объектілері су басу қаупі ең төмен аймақтарда орналасқан. Дегенмен ықтимал төтенше жағдайларға жол бермес үшін барлық көзделген іс-шаралар уақтылы және толық көлемде жүргізілді. Жергілікті және мемлекеттік ТЖ органдарымен бірлесе отырып, су тасқыны жағдайының тәулік бойы мониторингі жасалады.

ЕТҰ-да су тасқыны салдарының алдын алу және жою бойынша жаттығулар мен оқулар уақытылы өткізілді. Азаматтық қорғау объектілерінің жұмыскерлері су тасқыны жағдайларындағы әрекеттерге дайындықтарын пысықтап, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге арналған техника (эксковаторлар, тиегіштер мен свамосвалдар, су сорғыш жабдықтар) инертті сусымалы материалдар, құм салынған қаптар мен құралдарды дайындады.

Жағалауларды бекіту және үйме жұмыстары, қар шығару, су өткізгіш, нөсер және дренаж жүйелерін тазарту, еріген суды өткізуге арналған қосымша арналарды орнату жұмыстары жүргізілді.

Жергілікті атқарушы органдарға аумақтық деңгейде су тасқынына қарсы шараларды өткізуге жәрдемдесуде.

Мәселен, Біржан сал ауданы Еңбек ауылында «Семізбай» кенішінің жұмыскерлері су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізіп, бұл елді мекенді артық шығындардан аман алып қалды.

Frame 1.jpg


Қордың портфельдік компаниялары мен еншілес кәсіпорындары тасқын судың салдарын жоюға көмек көрсетуді жалғастыруда.