«Самұрық-Қазына» қоры Гонконгтағы Инвестор күнінде жекешелендіру жоспарын таныстырды
523
16 Қазан 2017
16 қазан 2017 ж., Гонконг қ.. «Самұрық-Қазына» АҚ (бұдан әрі - Қор) басшылары бүгін Гонконгте өткен Қазақстан Инвестор күнінде әлеуетті инвесторларды Қазақстандағы және Қордың қоржындық компанияларындағы инвестициялық мүмкіндіктермен таныстырды. Келелі басқосуға ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышев, сонымен қатар Астана халықаралық қаржы орталығы басқармасының төрағасы Нұрлан Құсайынов қатысты.
Қор мемлекеттік активтердің ауқымды бөлігінің операторы ретінде Жекешелендіру бағдарламасына белсенді түрде қатысады және әртүрлі саладағы 200 активті бәсекелестік ортаға шығаруды межелеп отыр. Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі әлеуетті инвесторларға жекешелендіруге ұсыну жоспарланған компаниялар таныстырылды: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ,«Эйр Астана» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ. Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Тау-кен Самұрық» АҚ, «Біріккен химиялық компания» ЖШС және «Қазтеңізкөлікфлот» ҰТКҚК» ЖШС ынтымақтастық бойынша мүмкіндіктерімен кеңінен танысты.
- Дүниежүзілік банктің және Халықаралық қаржы корының Doing Business 2017 халықаралық рейтингісіне сәйкес біздің еліміз бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша жалпы рейтингте 35-ші орынды иеленді, ал «Миноритарлық инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша 3-ші орынға лайықталды. Шетел инвестицияларының тұрақты ағыны – Қазақстанға халықаралық инвесторлар тарапынан жоғары деңгейдегі қызығушылықтың айғағы. Соңғы 10 жылда ел экономикасына құйылған шетел инвестицияларының таза ағыны 200 млрд АҚШ долларынан асып жығылса, 2016 жылы инвестицияның көлемі 14 млрд АҚШ долларынан артты, - деп атап өтті ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Қор басшылығы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобын дамытудың стратегиясын және Қордың қоржындық компанияларын басқарудың жаңа әдістерін таныстырды.
- Соңғы бірнеше жылда біздің қоржындық компанияларды трансформациялау және оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік. Қордың рөлі өзгерді. Біз компанияларды операциялық басқарудан бас тартып, стратегиялық холдинг және белсенді инвестор моделіне көштік. Бүгінде қоржындық компаниялармен өзара іс-қимылымыз құрамы айтарлықтай күшейтілген директорлар кеңесі арқылы жүзеге асырылады. Біз тиімділік деңгейімен қатар корпоративтік басқару деңгейі бойынша әлемдік деңгейдегі компанияларды құруды, сонымен қатар акционер үшін құнды арттыруға бағытталған Трансформация бағдарламасын жүзеге асыруды діттеп отырмыз. Бүгінгі күннің өзінде Қорда жеке капиталдың тиімділігі әлемнің жетекші қорлары деңгейінде. 2017 жылдың бірінші тоқсанында Linaburg-Maduell Transparency Index тәуелсіз әл-ауқат қорларының жариялық рейтингісі бойынша 10 ұпайдың 10-ын иеленді, - деп атап өтті Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.
Бүгінде Қорда ендіріліп жатқан стратегияда қоржынды тиімді басқарудың нақты стратегиясы мен әдісі көрініс тапқан. Қор нарықтық реформаларды ендіру, дамудың негізгі салаларына шетел инвесторларын және стратегиялық серіктестерді тарту бағытында өз жұмысын жалғастыруда.
Үкіметпен өзара іс-қимыл жөніндегі басқарушы директор Нұрлан Рахметов Қордың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда жекешелендірудің маңыздылығына тоқталып, сонымен қатар қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және Қордың компаниялар тобында корпоративтік басқаруды күшейту бағытында менеджменттің атқарған жұмысы туралы айтып берді.
- Жекешелендіру – Қор стратегиясын жүзеге асыруда басты тетіктердің бірі. «Қазақтелеком» секілді біздің кейбір компанияларда инвесторлар бар. Басқа компаниялар үшін де инвесторларды тарту жоспарланған. Біз тартылған қаржыны жаңа жобалар мен салаларды дамытуға бағыттауды діттеп отырмыз. Біздің 9 ірі активтің 3-уі жақын арада IPO арқылы бәсекелестік ортаға шығарылады: «Қазахтелеком» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ. Бірқатар компанияларға – «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ және тағы басқа компанияларға стратегиялық инвесторларды тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Біз жекешелендіру процесінің ашықтығына және миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғауға баса назар аударып, корпоративтік басқарудың стандарттарын қатаң түрде ұстанатынымызды ерекше атап өткім келеді, - деді Н.Рахметов.
Бүгінгі таңда Қазақстан – аймақтағы Қытайдың ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 1993 жылдан бастап Қазақстанға Қытайдан тартылған тікелей инвестициялардың көлемі 40 млрд АҚШ долларын құрады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру арқылы Қытай және Еуропа мемлекеттері арасындағы жүк ағынының 8% жуығы 2020 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Барри Чан, СICC (China International Capital Corporation) корпорациясының басқарушы директоры, инвестициялық банкинг жөніндегі директоры , Гонконг: « Қазақстан үкіметі жекешелендірудің нақты жоспарын жасады. Қазақстандық компаниялар Қытайға жақын орналасудың және «Бір белдеу, бір жол» бастамасының игілігін қазірдің өзінде көріп жатыр. Халықаралық ұйымдар мен акционерлер, соның ішінде Гонконг реттеушілері, осы жобаға қатысатын мемлекеттердің өзара инвестицияларын үдету үшін жұмыс істеп жатыр».
Қор өкілдері Гонконгтағы Қазақстан Инвестор күні аясында әлеуетті инвесторлармен бірқатар кездесулер өткізді.
{{ $t('messages.news1') }}
«Самұрық-Қазына» қорында алғаш рет қысқы Спартакиада өтті
{{ $t('messages.news1') }}
«Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітілді
{{ $t('messages.news1') }}
Ынтымақтастық туралы келісім және атом саласындағы меморандум: «Самұры...
{{ $t('messages.news1') }}
«Самұрық-Қазына» мен «Теңізшевройл» басшыларының кездесуі аясында екі ...